ProTenge басылымы хабарлайды: «Көңіл құлазытатын жаңалықтарға тоқталсақ. Аудиторлар Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын талдағанда үнемі бірдей мәселелерге назар аударады. Соның ішінде қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын толық түсініп, оған тұтас жауап беретін бірыңғай оператордың жоқтығы аталады. Алайда тексерушілердің бұл ескертулері не әдейі, не немқұрайлылық салдарынан еленбей келеді. Аудиторлардың 2026 жылғы қорытындысы мынадай: « Ұлттық қорға жүктелген барлық мақсат-міндеттердің орындалуына жауапты бірыңғай мемлекеттік органның жоқтығы негізгі кедергілердің бірі болып табылады. Бұл жағдай жалпы көріністі толық сараптауға және экономикалық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді». Ал бес жыл бұрын, 2019–2021 жылдардағы Ұлттық қор шығыстарын талдау кезінде аудиторлық қорытындыда былай делінген: « Ұлттық қорға жүктелген барлық міндеттер мен мақсаттардың тиімді іске асырылуына жауапты бірыңғай мемлекеттік орган жоқ. Қор қаражатына қатысты барлық бизнес-процестер бойынша шоғырландырылған ақпараттың ашықтығы, сондай-ақ осы активтерді басқару тиімділігіне баға беру деңгейі қамтамасыз етілмеген». Аудиторлардың ұсынстарынан айырмашылық табуға тырысып көріңіз.
Еуразия24 пікірі:
Жағдайды тым ушықтырудың қажеті жоқ, себебі мұндай түйткілдер тек Ұлттық қорға ғана емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне де тән. Бұл жүйеде қабылданған шешімдердің орындалуында жүйелілік пен дәйектілік жетіспейтіні анық. Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген тексеруге келсек, ол нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылған 3,4 трлн теңгенің 3 мыңнан астам бюджеттік инвестициялық жобасын, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген 3,8 трлн теңгелік облигациялық қарыздарды қамтыды. Анықталған заң бұзушылықтар өте көп, сондықтан бұл тақырыпқа жеке материал арнаймыз. ЖАП есебінде 2023-2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілу қорытындысы бойынша бірқатар қылмыстық іс тіркелгені айтылған. Бұл — барлық кінәні «бірыңғай оператордың» жоқтығына сілтей бермей, жауаптыларды табуға болатынын білдіреді. Алайда, қор қаражатын игеру кезіндегі мынадай өрескел фактілер қатты алаңдатады: «Жекелеген жағдайларда қаражат бұрын аяқталған жобаларға немесе нақты қажеттіліктен артық көлемде бөлінген. Сонымен қатар, қаржыны мақсатсыз әрі тиімсіз қайта бөлу фактілері анықталды: ауылдық медициналық инфрақұрылымға арналған қаражат қалалық нысандарға жұмсалған, сондай-ақ бұрын сатып алынған жабдықтарға қайтадан ақша бөлінген», — делінген ЖАП есебінде. Мұндай заңсыздықтар тек Ұлттық қор ақшасымен ғана шектелмейді. Кез келген ведомствоға қатысты ЖАП есебін ашып қарасаңыз, ұқсас бұзушылықтар міндетті түрде кездеседі. Демек, бақылаушы органның бар болғанына қарамастан, жүйелі қателіктер қайталанып отыр.




