BES.media хабарлауынша, TasteAtlas гастрогиді әлемдегі ең үздік 100 асхананың жаңартылған рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімге еніп, 98-орынға орналасты. Рейтинг әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шамамен 19 мың дәстүрлі тағам бойынша берілген 590 228 расталған бағаға негізделген. Орташа ұпай көрсеткіші бойынша көшбасшылар анықталған. Бірінші орынды Италия иеленсе, одан кейін Грекия мен Перу тұр. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Португалия, Испания, Жапония, Түркия, Қытай, Франция және Индонезия кірді. Халықаралық рейтингте Қазақстан 98-орынға жайғасты. Ұлттық тағамдар арасында самса (4,4 балл), шұжық (4,3 балл) және лағман (4,3 балл) жоғары бағаланған. Ал қазы мен шелпек 3,3 балл алып, гастрономиялық сарапшылар тарапынан салыстырмалы түрде төмен бағаланды. TasteAtlas бұған дейінгі рейтингін биыл көктемде жариялаған болатын. Ол кезде Қазақстан 100 елдің ішінде 94-орынды иеленген және ол кезде гастрономиялық сарапшылар Қазақстанда шұжық пен самсаны татып көруге кеңес берген еді. Ал үздік асхана ретінде Грекия танылып, одан кейінгі орынды Италия мен Мексика иеленген. Бұл жолы Мексика алғашқы ондыққа енбей қалды.
Евразия24 пікірі:
Әлем қазақ асханасының барлық артықшылықтарын әлі толық бағалай қоймағанына таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені ол әзірге сыртқы нарыққа бағытталған өнімнен гөрі, ішкі мәдени кеңістіктің бір бөлігі болып отыр. Оның үстіне TasteAtlas платформасында бағалауды таңдаулы шеф-аспаздар емес, туристер, фуд-блогерлер және жаппай пайдаланушылар береді. Қазақтың дәстүрлі асханасы тарихи тұрғыдан көшпелі өмір салтында қалыптасты. Сол себепті ол дәмнің көпқырлылығы мен күрделі ұсыну тәсілдеріне емес, тойымдылыққа негізделген. Әлемдік гурмандардың италиялық асхананы жиі таңдауы да осыған байланысты: онда күрделі тұздықтар, түрлі дәмдер мен гастрономиялық әртүрлілік басым. Ал бешбармақ, қазы, шұжық сияқты тағамдар — дәмі қанық болғандықтан өзге ұлт өкілдеріне ауыр не қарапайым боп көрінуі мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік ас талғампаздарының басым бөлігі үшін Қазақстанда кең қолданылатын жылқы еті — мәдени тұрғыдан қабылданбайтын немесе психологиялық тосқауыл тудыратын өнім. Осы жайт, тағамның сапасы жоғары болғанына қарамастан, қазының төмен баға алуына әсер еткен болуы ықтимал. Бұл жағдайға қатысты не айтуға болады? Дәмін татпай тұрып, баға беру қиын. Бәлкім, қазақтың ұлттық тағамдары жаппай гастроиндустрияның ықпалына түспей, жергілікті төл болмысын, дәстүрлі ерекшелігі мен құндылығын сақтағаны да жөн шығар.




