«Курсив» басылымының мәліметінше, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 63 715 адам негізгі жұмыс кестесінен тыс тұрақты түрде қосымша жұмыс істейді. Олардың 66%-ы (42 мыңнан астам адам) дәл демалыс күндері еңбек етеді. Тағы 19%-ы түнгі ауысымға шығады, ал 15%-ы негізгі жұмысынан кейін кешкі уақытта қосымша табыс табады. Осылайша, көптеген азаматтар үшін апта іс жүзінде толыққанды демалыссыз өтуде. Бұдан бөлек, жұмыспен қамтылған тағы 156 мың қазақстандық қосымша табыс табу үшін жұмыс уақытын арттыруға дайын екенін мәлімдеген. Орта есеппен олар өз кестесіне аптасына шамамен тағы 14 сағат қосуға келіседі. Сарапшылар қосымша жұмыстың көбеюін негізгі жалақының күнделікті шығындарды өтеуге жеткіліксіз болуымен байланыстырады.
Еуразия24 пікірі:
Сауалнамаға қатысқандардың аздығы таңғалдырғанымен, мәселе онда емес. Ең қызығы, Президенттің қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан кейін ел арасында «азаматтарға 2-3 жерде жұмыс істеуге тыйым салынады екен» деген қауесет тарады. Кейінірек Еңбек министрлігі ресми түрде түсініктеме беріп, бірнеше жерде қатар еңбек етуге болатынын, бірақ жалпы жұмыс уақыты күніне 12 сағаттан аспауы тиіс екенін мәлімдеді. Мемлекет бұл еңбек принципінің сақталуын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі арқылы толық бақылай алады.
Тек бұл талап азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттарға таралмайды. Ал Қазақстанда нақты еңбек қатынастарын көбіне осындай шарттармен алмастыру жиі кездеседі. Сондықтан Ұлттық статистика бюросының артық жұмыс істеу және бірнеше жерде нәпақа табу ниеті туралы жүргізген сауалнамасы — адамдар алдына мақсат қойса, олар үшін ешқандай кедергі жоқ екенінің айқын дәлелі.




