Астана. 24 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН.
2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы 16 пайызға өсті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2025 жылы ел экономикасының жалпы көлемі 137 триллион теңгеге, яғни шамамен 291 миллиард АҚШ долларына жуықтаған.
«Пандемия, әлемдік державалар арасындағы санкциялық текетірес, дәстүрлі сауда жолдарының үзілуі, түрлі қақтығыстар мен соғыстар дүниежүзі елдерінің дамуына зор зиян келтірді. Бұл жағдайдың салдары Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Алайда біз уақтылы шара қабылдап, ұлттық экономиканың әлеуетін сақтап қалдық және оның тұрақты өсімін қамтамасыз ете білдік», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың дерегінше, соңғы жылдары жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 47 пайызға өсіп, 14,4 мың АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш ТМД елдері арасындағы ең жоғары деңгейлердің бірі саналады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елдің алтын-валюта қоры 58 миллиард долларға жеткенін, ал сыртқы сауда айналымы соңғы жеті жылда 83 пайызға өсіп, 142 миллиард долларға дейін артқанын атап өтті.
24 қазан күнгі ресми айырбас бағамы – 1 АҚШ долларына 538,11 теңге.




