Вашингтон, 31 наурыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ әскері Иранға қарсы әскери операция кезінде түрлі үлгідегі 1000-нан астам қанатты зымыран пайдаланған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, АҚШ жүздеген Tomahawk зымырандарын (әрқайсысының құны шамамен $2 млн) және мыңнан астам төмен байқалатын JASSM қанатты зымырандарын (әрқайсысы шамамен $1,5 млн) қолданған.
Соғыс қимылдары басталғанға дейін АҚШ арсеналында шамамен 4 мың Tomahawk зымыраны болған. RTX Corporation жылына 100 дана осындай зымыран өндіреді, ал Lockheed Martin компаниясы биыл 860 JASSM зымыранын шығаруды жоспарлап отыр.
АҚШ соққылардың бір бөлігін JDAM басқарылатын авиабомбаларымен жасағанымен, Иран әуе кеңістігінің қауіптілігіне байланысты қанатты зымырандарды кеңінен пайдалануға мәжбүр болған.
Сонымен қатар Bloomberg дерегінше, Парсы шығанағы елдері ирандық шабуылдарды тойтару кезінде шамамен 2,4 мың зымыранға қарсы жүйелерді қолданған. Қақтығыс басталғанға дейін олардың мұндай зымыран қоры шамамен 2,8 мың бірлікті құраған. Негізінен Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған PAC-3 және GEM-T зымырандары пайдаланылған.
Агенттік Lockheed Martin жылына 650 PAC-3 зымыранын өндіретінін, алайда 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 2 мыңға дейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ компания THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды да шығарады: қазіргі өндіріс көлемі – жылына 96 дана, болашақта оны 400-ге дейін жеткізу жоспарланған.




