Мәскеу. 20 наурыз. ИНТЕРФАКС – Жұма күнгі сауда-саттықтың басында АҚШ қор индекстері төмендеуде.
Инвесторлардың назарында үшінші аптаға жалғасқан Таяу Шығыстағы қақтығыс және оның энергетикалық нарықтарға ықпалы қалып отыр. Сарапшылар мұнай бағасының өсуі АҚШ-та инфляцияны жеделдетіп, Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) биыл мөлшерлемені төмендетуіне кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
БАҚ мәліметінше, АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазындағы шектеулерді жою мақсатында Иранның мұнай экспорты үшін маңызды нысан саналатын Харк аралын бақылауға алу немесе теңіз блокадасын ұйымдастыру нұсқаларын қарастыруда. Бұған дейін АҚШ осы аралдағы әскери нысандарға соққы жасаған.
Ірі америкалық мұнай өндіруші компаниялар – Chevron және Exxon Mobil акциялары тиісінше 0,7% және 1,3%-ға қымбаттады.
ФРЖ биыл негізгі мөлшерлемені бір рет төмендетуі мүмкін деген болжамын сақтап отыр. Алайда нарық қатысушылары келесі төмендеу тек 2027 жылы болуы ықтимал деп есептейді.
«Әлемнің орталық банктері күту позициясын ұстанып отыр, бұл – қисынды», – деді Pepperstone компаниясының сарапшысы Майкл Браун.
Инвесторлар корпоративтік жаңалықтарды да бағалауда.
FedEx акциялары сессия басында 1,7%-ға өсті. Компания үшінші қаржы тоқсанында таза пайданы 16%-ға, түсімді 8%-ға арттырып, нарық болжамдарынан жоғары нәтиже көрсетті.
Super Micro Computer акциялары АҚШ Әділет министрлігі компаниямен байланысты үш тұлғаға кемінде $2,5 млрд көлеміндегі америкалық ЖИ технологияларын Қытайға заңсыз жеткізуге қатысы бар деген айып таққаны туралы хабарлар аясында 25%-ға құлдырады.
Nexstar Media Group капитализациясы 5,2%-ға артты. Бұған жергілікті телеарналар желісінің операторы Tegna компаниясын $3,5 млрд-қа сатып алу мәмілесінің реттеушілер тарапынан мақұлдануы әсер етті.
Ecolab акциялары 0,1%-ға өсті. Компания деректер орталықтарына арналған сұйықтықпен салқындату технологияларына маманданған CoolIT Systems компаниясын шамамен $4,75 млрд-қа сатып алу туралы келісімге келді.
Salesforce, IBM, Microsoft және Amazon акциялары 1%-дан астам төмендеді, ал Verizon Communications акциялары 1,4%-ға өсті.
Мәскеу уақытымен 16:53-тегі жағдай бойынша Dow Jones Industrial Average индексі 0,23%-ға төмендеп, 45 917,31 пунктті құрады.
S&P 500 индексі 0,58%-ға азайып, 6568,39 пунктке жетті.
Nasdaq Composite индексі 0,93%-ға төмендеп, 21 884,5 пункт деңгейінде саудалануда.




