Астана. 11 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан Абу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналған тарихи-мәдени кешенді Қазақстанда салу жөнінде келісімге келді.
«Біз Иран тарапымен елімізде ұлы ойшыл Абу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы уағдаластық», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту маңызды бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Құрметті қонақтар, Иран Президенті Масуд Пезешкиан бастаған делегация, өздерімен бірге Иран архивтерінде сақталған бірқатар көне қолжазбалардың көшірмелерін ала келді. Бұл құжаттарда XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректер көрсетілген. Аталған материалдар Қазақ хандығының сол кезеңдегі халықаралық байланыстарын тереңірек зерделеуге ғылыми негіз болмақ», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қазақстанның мәдениет және ақпарат министріне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырғанын мәлімдеді.




