Токио. 2 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – Азия қор нарығындағы индекстер сейсенбі күнгі сауда-саттық барысында әрқилы бағытта өзгеруде.
Жапония. Nikkei 225 индексі сауда сессиясы кезінде 0,2%-ға өсіп отыр. Бұған дейін, дүйсенбі күні Жапония банкі төрағасы Кадзуо Уэданың мәлімдемесінен кейін, базалық мөлшерлеменің 18–19 желтоқсандағы отырыста көтерілуі мүмкін деген болжамдар аясында индекс айтарлықтай төмендеген болатын.
Уэда өз сөзінде желтоқсанда мөлшерлемені көтеру немесе көтермеу туралы шешім қабылданатынын айтып, тіпті арттыру жағдайында бұл өзгеріс монетарлық ынталандыру деңгейін реттеу болатынын жеткізді. Қазіргі таңда Жапония банкінің базалық мөлшерлемесі – 0,5%.
«Уэданың риторикасы өзгерді, бұл нарыққа елеулі әсер етті», – дейді Daiwa Securities сарапшысы Кэндзи Абэ. Оның пікірінше, егер желтоқсанда мөлшерлеме 0,25 пайыздық пунктке көтерілген жағдайда да, Жапония банкі ұстанып отырған ынталандыру саясаты сақталады. Сонымен қатар, компаниялар табысының артуы да қор нарығына қолдау көрсетеді.
Токио биржасында бүгін Fanuc Corp. акциялары 7,5%-ға қымбаттады – компания америкалық Nvidia компаниясымен жасанды интеллект саласында әріптестік орнататынын хабарлады. Fast Retailing (Uniqlo бренді иесі) акциялары 1,8%-ға өсті.
Керісінше, Tokyo Electric Power (-6,9%), SoftBank Group (-4,5%) және Toyota Motor (-1%) акциялары арзандады.
Қытай. Shanghai Composite индексі 0,7%-ға төмендеп, ал Гонконгтың Hang Seng индексі 0,2%-ға азайды. Бұл көрсеткішке елдегі жылжымайтын мүлік саласындағы жағдайдың ушығуы әсер етуде. Үлкен құрылыс компаниясы China Vanke облигациялары бойынша 2 млрд юань (шамамен 283 млн доллар) төлемді бір жылға шегеруді сұрады.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік нарығындағы деректерді жинаумен айналысатын екі жекеменшік агенттік ай сайынғы статистиканы жариялауды тоқтатты. Бұл жағдай саладағы дағдарыс пен банктік сектордағы “нашар” қарыздар көлемінің артуы туралы алаңдаушылықты күшейтті.
China Construction Bank акциялары 0,9%-ға, Bank of China – 0,8%-ға, Agricultural Bank of China – 0,1%-ға арзандады. Zijin Mining бағалы қағаздары 1,7%-ға төмендеді – компания басшысы Чэнь Цзинхэ директорлар кеңесі төрағалығынан кететінін мәлімдеген.
Гонконгтағы өсім бойынша көшбасшылар – Anta Sports (+2%), Galaxy Entertainment (+2%) және Budweiser Brewing Co. APAC (+1,9%). Ал JD Health (-3,2%) және Meituan (-3%) акциялары арзандады.
Оңтүстік Корея. Kospi индексі 1,7%-ға өсті. АҚШ билігі Оңтүстік Кореядан әкелінетін автокөліктерге кедендік алымды 25%-дан 15%-ға дейін төмендеткені туралы хабар бұл өсімге себеп болды.
Hyundai Motor акциялары 4,5%-ға, Kia Corp. – 3,9%-ға көтерілді. Сонымен қатар, SK Hynix (+3%), Samsung Electronics (+2%) және LG Electronics (+1,9%) қағаздары да өсім көрсетті.
Қараша айында елдегі инфляция жылдық мәнде 2,4% деңгейінде қалды. Бұл көрсеткіш Оңтүстік Корея Орталық банкінің 2% нысаналы деңгейінен асып тұр және базалық мөлшерлемені қысқартуға қатысты шешімдердің кейінге қалдырылуына ықпал етуі мүмкін.
Австралия. S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға артты. BHP Group акциялары 1,1%-ға, Fortescue – 1,3%-ға, Woodside Energy Group – 1%-ға өсті.




