Брюссель. 17 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Бельгияның Қорғаныс министрі Тео Франкен бірқатар еуропалық елдердің әскери күштерін Гренландияға жіберуі Вашингтонға күш көрсету немесе АҚШ-ты тежеу мақсатын көздемейтінін мәлімдеді. Гренландия – Данияның өзін-өзі басқаратын аумағы, оған АҚШ та талап қойып келеді.
«Бұл АҚШ-қа: “кел, Сэм ағай, шайқасайық та кімнің жеңетінін көрейік” деген белгі беріп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай ниет мүлде жоқ», – деп келтіреді Politico министрдің сөзін.
Оның айтуынша, бұл қадам АҚШ-қа соғысқа шақыру ретінде қарастырылмауы тиіс. «Мұнда “келіңіздер, соғысып көрейік” деген ой жоқ, өйткені мұндай жағдайда біз жеңіске жете алмаймыз», – деп нақтылады Франкен.
Министрдің сөзінше, Еуропаның мақсаты – Арктикадағы Ресей мен Қытайдың белсенділігіне байланысты Гренландияның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін көрсету. Бұл ретте еуропалық елдер әрекеттерін НАТО аясында жүзеге асырғанды жөн көреді. Франкен сондай-ақ Бельгия Данияның жетекшілігімен Гренландияда өтіп жатқан миссияға аралдағы жағдайды зерделеу үшін бір офицер жіберетінін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны АҚШ құрамына қосу ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды деп бірнеше рет мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл, соның ішінде «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру үшін қажет. Алайда аралды бақылап отырған Дания билігі мұндай мүмкіндікке бармайтынын жеткізген. Ал Гренландияның өз билігі АҚШ құрамына кіру оларды қызықтырмайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Гренландия Арктика қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі өңірлердің бірі саналады, сондай-ақ теңіз жолдарының бастау нүктесі әрі сирек кездесетін металдар мен өзге де ресурстарға бай аумақ ретінде қарастырылады. Батыс басылымдарының мәліметінше, аралда графит, мыс, мырыш, алтын, алмаз, темір кені, титан, ванадий және уран қорлары бар, алайда геологиялық барлау толық жүргізілмеген. Гренландия аумағында АҚШ-тың «Питуффик» ғарыштық базасы орналасқан.




