Астана. 19 желтоқсан. Интерфакс-Қазақстан — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ны жан-жақты реформалау стратегиялық қажеттілікке айналғанына сенімді екенін мәлімдеді.
«Әлемдегі қарулы қақтығыстардың саны мен қарқындылығы соңғы ондаған жылдардағы ең жоғары деңгейге жетті, ал жаһандық әскери шығындар өткен жылы рекордтық 2,7 трлн долларды құрады. Сонымен қатар жетекші державалар арасындағы бәсеке шегіне жетіп, бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің кез келген ауқымды халықаралық қақтығыстарды шешуге қабілетсіз болуына әкелді», — деді Тоқаев Токиодағы БҰҰ Университетінде оқыған дәрісінде.
Президенттің сөзінен үзінділерді жұма күні оның баспасөз қызметі таратты.
Мемлекет басшысының пікірінше, халықаралық институттардың тиімді жұмыс істеуі үшін жаһандық қоғамдастық өзара сенім мен болжамдылықты қалпына келтіруге аса мұқтаж.
«Стратегиялық сенімнің жаңартылған мәдениеті халықаралық ынтымақтастықтың және ұжымдық шешімдер қабылдау үдерісінің негізіне айналуы тиіс. Осы тұрғыда Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты бастамалар арқылы аталған қағидаттарды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Қазіргі сын-қатерлерді бірде-бір мемлекет жеке-дара еңсере алмайтыны анық. Тек қағидаттық әрі тиімді бірлескен әрекеттер ғана ұзақ мерзімді нәтижелерге жеткізе алады. Осы орайда БҰҰ әмбебап әрі баламасыз ұйым ретінде халықаралық қатынастарда орталық рөлін сақтауы тиіс», — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге Тоқаев БҰҰ мүмкіндіктері геосаяси поляризацияның күшеюі мен ірі державалар арасындағы сенімнің төмендеуі салдарынан барған сайын шектеліп отырғанына назар аударды. Осы себепті БҰҰ-ны жан-жақты реформалау риторикалық мәселе емес, ортақ басымдық пен стратегиялық қажеттілікке айналып отыр.
«Кез келген мәнді реформа БҰҰ Жарғысына адалдықты растаудан басталуы тиіс. Оның негізгі қағидаттары — егемендік, аумақтық тұтастық және дауларды бейбіт жолмен реттеу — ешбір ерекшеліксіз қатаң сақталуы қажет. Алайда Жарғының кейбір ережелері XXI ғасырдың шынайылығын толық бейнелемейді, соның ішінде Ұйымға елеулі қолдау көрсетіп отырған Жапония мен басқа да елдерге қатысты әділетсіз тұстар бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы бұл өзгерістерге ілесе алмай отыр. Оның болашақта сенімді әрі өзекті болуын қамтамасыз ету жолдары жөнінде жауапты диалог бастайтын уақыт келді деп санаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




