Астана. 16 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселелер саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы керек деп есептейді. Мемлекет басшысының пікірінше, табиғатты сақтау үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіру қажет.
«Өйткені бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Олар алдағы уақытта елеулі сын-қатерлер мен қауіптерге тап болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл – өркениетіміздің сақталуына тікелей қатысты мәселе. Себебі биологиялық әртүрлілік адамдардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, экономиканың тұрақтылығын сақтау және ұзақ мерзімді қауіпсіздік үшін аса маңызды», – деді Тоқаев жұма күні Ереванда өткен COP17 биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінде.
«Табиғи тепе-теңдігі сақталған экожүйелер азық-түлік өндіруде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамның күнкөріс көзін сақтауда маңызды рөл атқарады. Алайда шөлейттену мен су тапшылығы, сондай-ақ өзге де экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке үлкен қауіп төндіріп отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент миллиондаған адам үшін су тапшылығы мен жердің тозуы қазірдің өзінде күнделікті өмірдің шындығына айналғанын атап өтті.
«Ең қауіптісі – бұл үдерістер ұлттық шекаралармен шектелмейді. Олар орнықты дамуға нұқсан келтіріп, жаһандық тұрақтылыққа қатер төндіреді», – деді ол.
«Байыпты көзқарас пен нақты іс-шараларға негізделген экологиялық күн тәртібі саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы қажет. Біздің ортақ басымдығымыз шынайы әріптестік пен бейтараптық қағидаттарына сүйенетін және нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған халықаралық ынтымақтастық болуы тиіс», – деп мәлімдеді Тоқаев.




