Астана. 26 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріндегі ақпараттық қауіпсіздікке мемлекеттік бақылау жүргізу жөніндегі өкілеттіктер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді.
Тиісті «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлық жұма күні ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Жарлық мәтінінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 21-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттандыру саласындағы, атап айтқанда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі мемлекеттік бақылау функциялары мен өкілеттіктері Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілетіні көрсетілген.
Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде аталған министрліктің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалды.
Сонымен қатар Қазақстан Үкіметіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеу және осы жарлықты іске асыруға бағытталған өзге де шараларды қабылдау тапсырылды.
Жарлықта Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жарлық жобасын Мемлекет басшысының қарауына енгізу міндеті жүктелген.
Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне тапсырылды. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.




