Иерусалим. 29 шілде. ИНТЕРФАКС-КАЗАХСТАН — Израиль үкіметі Газа секторына гуманитарлық көмекті тұрақты түрде жеткізу мақсатында шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы елдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі хабарлады.
«Израиль гуманитарлық көмектің Газа секторына үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Еуропа елдерімен, сондай-ақ халықаралы құйымдармен ынтымақтастықты жалғастырады», – делінген Премьер-министр кеңсесінің әлеуметтік желіде жарияланған ресми мәлімдемесінде.
Аталған мәліметке сәйкес, Израиль әскері гуманитарлық мақсаттағы іс-шаралар шеңберінде палестиналық анклавтағы негізгі елді мекендерде әскери операцияларды күн сайын Астана уақыты бойынша 10:00-ден 20:00-ге дейін уақытша тоқтатып отыр. Сонымен қатар, сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін гуманитарлық көмекті тасымалдайтын керуендер үшін қауіпсіз бағыттар белгіленген.
Премьер-министр кеңсесі Газадағы жағдайдың күрделі екендігін мойындай отырып, Израиль тарапы көмек жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Израиль билігінің пайымынша, «ХАМАС» қозғалысы гуманитарлық дағдарыс жағдайын қолдан жасап, өз пайдасына пайдалануға тырысуда.
«Біз күн сайын Газа секторына айтарлықтай көлемде гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік, ауызсу және дәрі-дәрмек жіберіп отырмыз», – деп нақтылады премьер-министр аппараты.
Бұған дейін Испания мен Германияны қоса алғанда, бірқатар Еуропа елдерінің Газа секторына гуманитарлық көмекті әуе арқылы жеткізуді жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Германия канцлері Фридрих Мерц бұл бағытта Франция және Ұлыбританиямен де ынтымақтасуға ниетті екенін мәлімдеген.