Астана. 11 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжілісі сәрсенбі күнгі пленарлық отырыста «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Құжат 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында қол қойылған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қолда бар әлеуетін тиімді пайдалануға және экологиялық таза электр энергиясының саудасын дамытуға бағытталған. Бұл бағытқа жасыл аммиак пен сутек өндірісі де кіреді. Сонымен қатар жоба арқылы энергияны Еуропа нарықтарына экспорттау мүмкіндігін кеңейту көзделген.
«Жоба аясында жасыл энергияны Каспий теңізінің түбі арқылы жүргізілетін суасты кабелі арқылы Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл кабель кейін Қара теңіздегі ұқсас жоба арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді», – деді Ақкенженов отырыста.
Жобаның негізгі элементі – Каспий теңізінің түбімен жоғары кернеулі тұрақты токты терең суасты кабелін тарту.
«Бұл техникалық тұрғыдан күрделі, бірақ стратегиялық маңызы жоғары шешім. Ол бізге Еуропалық одақтың электр энергиясы нарығына тікелей шығуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі кеңесші ретінде италиялық халықаралық консалтингтік компания CESI анықталған. ТЭН әзірлеу нәтижесінде жобаның қаржылық моделі мен негізгі техникалық параметрлері айқындалады.
Министрдің айтуынша, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеудің құны шамамен 1 млн еуроны құрайды және бұл қаражат Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ұсынатын гранттар есебінен қаржыландырылады.
«Аталған екі банк жалпы көлемі 2 млн доллар болатын гранттық қаржыландыруға дайын екенін растады. Ал алғашқы кезеңде небәрі 1 млн доллар қажет», – деп қосты Энергетика министрлігінің басшысы.
Заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жолданады.




