Астана. 25 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжілісі сәрсенбі күнгі пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Австрия Республикасының Федералдық үкіметі арасындағы заңсыз жүрген тұлғаларды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Келісім 2025 жылғы ақпанда Астанада қол қойылған. Құжат екі елдің ұлттық заңнамасын бұза отырып олардың аумағында жүрген тұлғаларды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы ынтымақтастығына құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Бұл туралы Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қорытындысында атап өтілген.
Келісімде тараптардың заңсыз мигранттарды және бір тараптың аумағында болу немесе тұру талаптарына сәйкес келмейтін не олардан айырылған тұлғаларды бір-біріне қайтару тәртібі мен мерзімдері нақты айқындалған.
Сондай-ақ құжатта тек екі ел азаматтарын ғана емес, үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау, беру және транзиттеу рәсімдері кезіндегі бірлескен іс-қимыл тәртібі белгіленген.
Заң енді қарау үшін Сенатқа жолданады.




