Астана. 30 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстан аумағында Орталық Азияның аймақтық гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы орталық ретіндегі мәртебесін қайта жаңғырту туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған келісім таулы мұздықтарды, қар жамылғысын және мәңгі тоңды зерттеу саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында олардың өңірдің су ресурстарына әсерін бағалауға бағытталған.
Құжатта Орталық Азияның аймақтық гляциологиялық орталығының мәртебесін сегіз жыл мерзімге қайта жаңғырту көзделген. Сондай-ақ орталықтың гляциология және Орталық Азияның су ресурстары салаларындағы ғылыми-зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін қамтамасыз ету, Қазақстан Үкіметі, ЮНЕСКО және өңір мемлекеттерінің өкілдері кіретін басқарушы кеңес құру, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірлескен жобалар, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, ғылыми деректермен ашық алмасу және мұздықтарды мониторингтеу мен сақтаудың заманауи технологияларын ілгерілету көзделеді.
Бұған дейін Қазақстан орталықтың қызметін жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржыландыратыны, сондай-ақ ғимараттар, жабдықтар және әкімшілік қолдау көрсететіні хабарланған болатын.
Еске сала кетейік, Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы аймақтық гляциологиялық орталықты құру туралы келісім Астанада 2012 жылғы мамырда қол қойылған. 2017 жылы Қазақстан бұл құжатты ратификациялап, 2020 жылы өңірлік орталық өз жұмысын бастаған. 2024 жылы келісім мерзімі аяқталғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев оны ұзарту жөнінде тапсырма берген еді.




