Астана. 14 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Президенттің Халық кеңесінің алғашқы отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында автомобиль жолдары саласын реформалау үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Премьер-министр биылғы 1 желтоқсанға дейін автомобиль жолдары саласын түбегейлі реформалауға бағытталған ұсыныстарды, оның ішінде заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырды», – делінген Үкіметтің баспасөз хабарламасында.
Жұмыс тобына жол салудың қолданыстағы тәртібі мен құрылыс сапасын бағалау жүйесін қайта қарау, стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту міндеті жүктелді.
«Саланы басқарудың жаңа тетігі, оның ішінде цифрлық шешімдерді қолдану арқылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталады», – деп көрсетілген хабарламада.
Бірінші вице-премьер жетекшілік ететін жұмыс тобының құрамына Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ішкі істер, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің басшылары, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК, «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» РМК және «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары енді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 қыркүйекте өткен Халық кеңесінің алғашқы отырысында елдегі жол саласының жағдайы көңіл көншітпейтінін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы бұған мысал ретінде Талдықорған – Өскемен автомобиль жолын келтірді. Бұл жол қайта жаңғыртудан кейін 2023 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілгенімен, арада көп уақыт өтпей-ақ жол жабыны бұзыла бастаған.
«Жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау қажет. Құрылыс жұмыстарының басталуынан толық аяқталуына дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау орнату керек. … Жалпы, бұл салаға түбегейлі реформа қажет. Сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейткен жөн», – деді Президент.




