АСТАНА. 15 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) президенті Витольд Баньканы қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Президент WADA-ның спорттағы допингке қарсы жаһандық күрес жүйесіндегі негізгі институт ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ агенттік басшысының Астанаға сапары Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолындағы маңызды қадам болатынын айтты.
«Қазақстан Президенті агенттіктің жүйелі құқықбұзушылықтарға қарсы күрес пен таза спорт стандарттарын сақтау мәселелеріндегі ұстанымын жоғары бағалады. Бұл ұстанымның маңызы тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған жанкүйер үшін де зор», – делінген ресми хабарламада.
Өз кезегінде WADA президенті Қазақстанның агенттік бастамаларына қолдау білдіріп келе жатқанын атап өтіп, елдің ұлттық спорт құрылымдарымен орнатқан өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның WADA-ның сенімді әрі жауапты серіктесі ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүдделі екендерін растады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жанынан Орталық Азиядағы жалғыз антидопингтік зертхана жұмыс істейді. Осы база негізінде өңірлік антидопинг ұйымы құрылған. Оның құрамына Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Моңғолия және Ауғанстан кіреді.