Астана. 30 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Үкіметі 2026 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын бекітті. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді. Жоспарға барлығы 12 заң жобасы енгізілген.
Үкіметтің сейсенбідегі отырысында министр келесі жылы аталған құжаттардың бесеуі бірінші жартыжылдықта, ал жетеуі екінші жартыжылдықта Парламент қарауына ұсынылатынын айтты.
Атап айтқанда, мемлекеттік мүлік және онлайн-платформалар, бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер әзірлеу көзделіп отыр. Сондай-ақ «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы», «Тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы» және «Мобилизация туралы» заң жобаларын әзірлеу жоспарланған.
Бұдан бөлек, депутаттардың қарауына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы, сондай-ақ еңбек заңнамасын, міндетті әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар құжат ұсынылады.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов министрлерге әрбір заң жобасының сапалы әзірленуін және оны Мәжіліске уақтылы енгізуді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Үкімет басшысы құжаттарды келісу үдерісі артық бюрократиясыз және ұзаққа созбай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Әділет министрлігіне бір жыл бойы Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүргізіп, оларды белгіленген тәртіппен жоспарлы немесе бастамашыл заң жобаларына енгізуді қамтамасыз етуді жүктеді.




