Астана. 14 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Үкіметі жер қойнауын геологиялық тұрғыдан зерделеудің жаңа кезеңіне кіріседі. Осы аяда алдағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарына 240 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы жалпы аумағы 100 мың шаршы километрді қамтитын геологиялық түсірілім жүргізуге арналған 20 жоба әзірленген. Кейінгі кезеңде жыл сайын ең перспективалы 30 мың шаршы километр аумақты қамту көзделіп отыр.
«Алдағы үш жылда аталған 20 жобаны іске асыруға, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге және заманауи геологиялық инфрақұрылым қалыптастыруға 240 млрд теңге немесе шамамен 500 млн АҚШ доллары бағыттау жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Жобалар Жерді қашықтан зондтау деректерін талдауды, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ далалық жұмыстардың кешенін қамтиды.
Учаскелер тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу деңгейі, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы немесе олардың аз саны, сондай-ақ басым пайдалы қазбалар түрлері бойынша перспективалылық факторлары ескерілген. Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит және боксит кен орындарын анықтау әлеуеті жоғары аумақтар айқындалды.
Сонымен қатар Солтүстік Торғай, Шу–Сарысу және Сырдария сияқты аз зерттелген мұнай-газға перспективалы бассейндерде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту және геологиялық деректерді цифрландыру көзделген.
Үкіметтің атап өтуінше, геологиялық зерттеулерді осындай ауқымда жүргізу геологиялық болжамдардың дәлдігін арттыруға, геологиялық және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жеке инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Үкіметінің деректеріне сәйкес, соңғы 15 жылда республикада геологиялық барлау саласына 469 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.




