Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан «үш зұлымдыққа» – терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ-ның...

Қазақстан «үш зұлымдыққа» – терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ-ның күш-жігерін қолдайды – Тоқаев

|

|

Астана. 1 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін Қазақстанның толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

«Қазақстан ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарын – тең құқықты көпполярлы әлемдік тәртіпті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау мен олардың егеменді даму құқығын тануды, әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастықты толық қолдайды… ШЫҰ-ның жарғылық құжаттарындағы негізгі қағидаттарға берік бола отырып, Қазақстан терроризм, сепаратизм және діни экстремизм сияқты «үш зұлымдыққа» қарсы күрестегі бірлескен күш-жігерді аса өзекті деп санайды», – деді Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны одан әрі дамытудың басым бағыттары жөніндегі өз көзқарасын таныстырып, бірінші кезектегі міндет ретінде стратегиялық әріптестік пен өзара қолдауды нығайтуды атады.

Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт – халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және өзге де деструктивті үдерістердің күшеюіне байланысты басымдыққа айналуда.

«Халықаралық қауіпсіздікке төнетін мұндай қатерлерді, оның ішінде «үш зұлымдықты» тек бірлескен іс-қимыл арқылы ғана жеңуге болады. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ аясында қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы күрес жүргізетін төрт орталық құруды қолдайды. Сондай-ақ ШЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес арасындағы іскерлік байланыстарды күшейтудің маңызын атап өтеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев ШЫҰ мемлекеттерін Ауғанстанды қалпына келтіру, оны өңірлік және экономикалық үдерістерге тарту мақсатында гуманитарлық және техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырды. Ол Қазақстанның Ауғанстанда бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыруға кіріскенін еске салды. Бұл жобалар ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

«Тамыз айының басында Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге осы Орталықтың әлеуетін бірлесіп пайдаланып, барлық басым бағыттар бойынша күш-жігерді үйлестіру мен өңірлік ынтымақтастықты жандандыруды ұсынамыз», – деді Қазақстан Президенті.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

АҚШ қор нарығы төмендеп жатыр

Жұма күнгі сауда-саттықтың басында АҚШ қор индекстері төмендеуде. Инвесторлардың назарында үшінші аптаға жалғасқан Таяу Шығыстағы қақтығыс және оның энергетикалық нарықтарға ықпалы қалып отыр.

Иранның ымыраға келуі өңірде бейбіт қатар өмір сүруге жол ашуы мүмкін

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Тегеран өңірде бейбітшілікке қол жеткізу үшін «елеулі ымыраға барып» және «ұстанымын түбегейлі өзгертуі» қажет екенін мәлімдеді.

Тоқаев пен Путин Ресей президентінің мамыр айының соңына жоспарланған мемлекеттік сапарының маңызын атап өтті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесу барысында екіжақты қатынастардың күн тәртібін талқылады.

Тоқаев Алматы әкіміне ЖИ паркін және жоғары жылдамдықты көлік жүйелерін дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Алматыда мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдының қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және басым даму бағыттарын іске асыру туралы есебін тыңдады.