Астана. 18 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан парламенті Мәжілісі сәрсенбі күнгі жалпы отырысында еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаты Арман Қалыковтың айтуынша, түзетулер еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында депутаттар тобының бастамасымен әзірленген.
Атап айтқанда, қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғау үшін еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормаларын бекіту ұсынылады. Сондай-ақ соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақтыланады, егер ол уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келген жағдайда.
Заң жобасында ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуге жұмсалған уақытты төлеу мәселесі де қарастырылған. Төлем мөлшері ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушінің актісімен айқындалады.
Сонымен қатар жұмыс берушінің еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерді жазбаша түрде хабардар ету міндеті енгізіледі. Түзетулер еңбек шартын қызметкердің бастамасымен бұзу тәртібін де реттейді, оның ішінде материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынастарын тоқтату күні мен жұмыс берушінің мүлкін қабылдау-тапсыру рәсімін аяқтау шарттары айқындалады.




