Астана, 21 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне және «Самұрық-Қазына» қорына ақпан айының соңына дейін жаңа мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі жоспарды әзірлеп, қарауға енгізуді тапсырды.
«Елдегі энергия ресурстарына деген сұраныстың артуы аясында Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін мұнай мен газдың жаңа перспективалы кен орындарын игеру бойынша егжей-тегжейлі жоспарды енгізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов сәрсенбі күні Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Премьер-министр «Самұрық-Қазына» қорына газ өңдеу жобаларын іске асыру кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және атқарылған жұмыстар туралы ай сайын ақпарат беріп отыруды жүктеді.




