Астана. 7 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімі елдің ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастарына әсер етпейді. Бұл қадам өңірдегі қарама-қайшылықтарды жеңілдетуге және диалогты ілгерілетуге бағытталған, деп жұма күні Президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Берілген ақпаратқа сәйкес, Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан Президенті, АҚШ Президенті және Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында бірлескен телефон арқылы сөйлесу өтті. Әңгіме барысында Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу ниеті негізгі тақырып болды.
«Қазақстан Авраам келісімдеріне қосыла отырып, қақтығыстарды еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысына негізделген халықаралық құқықты қолдауға өз үлесін қосуды мақсат етеді. Бұл шешім еліміздің ешбір мемлекетпен екіжақты міндеттемелерін қозғауға арналмаған және бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көпвекторлы дипломатиямыздың табиғи жалғасы болып табылады», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатуға нақты алғышарттар жасауда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
Өз кезегінде Дональд Трамп Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам басқа мемлекеттерді де аталған бастаманы қолдауға ынталандыратынын атап өтті.
«Бұл – дүниежүзінде өзара түсіністік көпірлерін салудағы маңызды алға басу. Бүгінде әлемнің барған сайын көп елдері менің Авраам келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдауға дайын», – деді Трамп телефон әңгімесінің қорытындысында.
Авраам келісімдері 2020 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде АҚШ делдалдығымен Израиль мен үш араб мемлекеті – Бахрейн, БАӘ және Марокко арасында жасалған. Келісімдер дипломатиялық қатынастар орнатуды, елшіліктер ашуды, сондай-ақ экономика және басқа салаларда ынтымақтастықты көздейді.
Бұған дейін Axios порталы Қазақстан мен Израильдің дипломатиялық қатынастары бұрыннан қалыпты деңгейде екенін еске салған. Басылым дереккөзіне сүйенсек, қазіргі шешімнің маңызы – Авраам келісімдерінің Таяу Шығыс пен мұсылман әлеміндегі диалог үшін АҚШ бастамасы екенін қайта көрсету.




