Астана, 31 наурыз. ИНТЕРФАКС – Ақтөбе облысында жылына 800 мың тонна карбамид өндіретін жоба іске асырыла бастады. Жобаны ҚазМұнайГаз бен China National Petroleum Corporation бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл туралы компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобаны 2029 жылға қарай іске қосу жоспарланып отыр.
Бұған дейін ҚМГ мен CNPC Қазақстанда карбамид тыңайтқышын өндіруге арналған газ-химия кешенін салу жөніндегі жобаны жүзеге асыратыны хабарланған. Кәсіпорын Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,25 млрд АҚШ долларын құрайды.
Зауыт Жаңажол газ өңдеу зауытына жақын жерде салынып, шикізатпен қамтамасыз ету осы нысан арқылы жүзеге асады. Жыл сайын 600 млн текше метрге дейін тауарлық газ пайдаланылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда карбамид өндірілмейді, ішкі сұраныс импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін ішкі нарық толық қамтылып, 2029 жылға қарай сұраныс шамамен 300 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Артық өнім Еуропа, Түркия, Үндістан және басқа да нарықтарға экспортқа шығарылмақ.
31 наурыздағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары 481,54 теңге.




