Берлин. 10 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Дания халқының едәуір бөлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілеттік мерзімі кезінде Гренландияның (Данияның автономды аумағы) АҚШ бақылауына өтуі ықтимал деп есептейді. Бұл туралы сенбі күні дат бұқаралық ақпарат құралдары сауалнама нәтижелеріне сілтеме жасап хабарлады.
Зерттеу деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 38 пайызы АҚШ тарапынан Гренландияға қатысты күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал 28 пайызы мұндай нұсқаны шындыққа жанаспайды деп санайды.
Сауалнама 6–9 қаңтар аралығында жүргізіліп, оған 1005 респондент қатысқан.
Осыған дейін Гренландия парламентіндегі бес партия бірлескен мәлімдеме жасап, онда арал халқының ұстанымын ашық білдірген болатын. Мәлімдемеде: «Біз америкалық та, дат та болғымыз келмейді. Біз гренландиялық болғымыз келеді. Өз болашағымызды өзіміз, сыртқы күштердің араласуынсыз анықтауымыз қажет», – делінген.
Сенбіге қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Гренландияға қатысты бақылау орнату ниеті бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер АҚШ бұл аймақта ықпалын күшейтпесе, Гренландия Ресей мен Қытайдың ықпалына түсуі мүмкін.
«Егер бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік болса, біз соны таңдаймыз. Ал олай болмаған жағдайда, қатаң шаралар қолдануға тура келеді», – деді Трамп Ақ үйде журналистерге берген жауабында.
Сонымен қатар ол Гренландия маңындағы аймақта Ресей мен Қытайдың әскери кемелері мен суасты қайықтарының жиі байқалатынын атап өтті.
«Біз Ресей мен Қытайдың бұл өңірде орнығуына жол бермейміз», – деп түйіндеді АҚШ президенті.




