Бейжің. 27 тамыз. ИНТЕРФАКС – Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И мен АҚШ-тың Бейжіңдегі елшісі Дэвид Пердью ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің АҚШ-қа алдағы сапарына дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды бейсенбі күні South China Morning Post.
«Екі ел басшыларының жетекшілігімен тараптар Қытай мен АҚШ арасындағы сындарлы әрі тұрақты қарым-қатынасты дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр», – деді Қытай министрі.
Сонымен бірге Ван И Вашингтонды екіжақты қатынастарға кедергі келтіретін мәселелерді шешіп, өзара байланыстың тұрақты әрі берік болуына жағдай жасауға шақырды.
Дэвид Пердью өз кезегінде Си Цзиньпиннің АҚШ-қа қарымта сапарына дайындық аясындағы келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.
«Стратегиялық тұрақтылыққа, әділдік пен өзара тиімділікке негізделген сындарлы қарым-қатынас орнату үшін бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деп келіссөздерден кейін X әлеуметтік желісінде жазды.
Қытайлық БАҚ екі ел арасындағы қарым-қатынастың соңғы уақытта күрделене түскенін жазады. Бұған, соның ішінде АҚШ-тың Тегеранға қарсы санкцияларды күшейтуі де әсер еткен. Қытай Сыртқы істер министрлігі халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдамаған санкцияларға қарсы екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Бейжің сауда саласындағы өз мүддесін қорғауға дайын екенін ескертті.
Бұған дейін Вашингтон АҚШ-қа адам пішіндес роботтар мен инверторлар әкелуге тыйым салған. Қытай бұл өнімдерді өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап тұр. Бейжің де жауап ретінде АҚШ-қа дрон экспорттауға бақылауды күшейтіп, америкалық алты компаниямен сауда операцияларын жүргізуге тыйым салды.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-қа 24 қыркүйекте барады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп 13–15 мамыр аралығында Қытайға ресми сапармен барған.




