АСТАНА. 5 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикадағы саяси реформалар жалғасатынын мәлімдеді.
«Ел үшін маңызды барлық реформалар жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл жерде ешқандай жасырын мақсат жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі – саяси реформалар жалғасын табады. Ұзақмерзімді жоспарлардың бір бөлігі алдағы уақытта, әрдайымғыдай, жария етіледі», – деді Тоқаев дүйсенбі күні «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбатында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы парламенттік реформаның мақсаты – Мәжіліс спикерінің рөлін мемлекеттік басқарудағы шешуші буынға айналдыру деген кей сарапшылардың пайымын жоққа шығарды.
«Бұл – шындыққа жанаспайтын қиял. Мұндай тұжырымдар менің саяси қағидаларыммен үйлеспейді. Мен бірнеше рет айтқанмын – Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол президенттікке сайланардан бұрын, сегіз жыл бұрын жариялаған мемлекеттік модельге тоқталды: «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет».
«Мемлекеттік басқару жүйесін жеке мүдде үшін түбегейлі өзгерту – ең жоғары деңгейдегі жауапсыздық болар еді. Мұны әділетсіз қадам деп есептеймін», – деп түйіндеді Президент.




