Астана. 6 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Каспий теңізінің түбімен суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту жөніндегі жобаны іске асыруды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан Республикасына дейін талшықты-оптикалық кабель тарту жобасын іске асыру басталды. Аталған жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – деді Мәдиев сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында.
Ол Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық географиялық орналасуын атап өтіп, елдің халықаралық интернет-трафик транзитіндегі маңызды рөлін ерекше айтты.
Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екі ел үкіметіне Каспий теңізінің түбімен өтетін ТОБЖ жобасын жеделдетуді тапсырғаны хабарланған болатын. Алғашында жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген еді.
Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісі жобасы аясында Каспий теңізі түбімен ұзындығы 380 шақырым болатын суасты кабелі тартылып, ол Әзербайжандағы Сумгаит қаласы мен Қазақстандағы Ақтау қаласын байланыстырады. Жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-қа дейін жететін бұл желі деректердің үлкен көлемін жоғары жылдамдықпен тасымалдауға мүмкіндік береді.




