Брюссель. 17 қазан. ИНТЕРФАКС – Сенбі күні Тунисте президент Каис Саидтың саясатына қарсы мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты. Бұл туралы Батыс ақпарат құралдары хабарлады.
Наразылық шарасын Тунис еңбекшілерінің жалпы одағы ұйымдастырған. Шеруге түрлі саяси күштердің өкілдері, жұмыссыз азаматтар, заңгерлер, дәрігерлер, журналистер мен азаматтық қоғам ұйымдарының мүшелері қатысып жатыр. Наразылық білдірушілер ел астанасындағы басты көшелердің бірі – Хабиб Бургиба даңғылымен жүріп өтуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қалаға жүздеген полиция қызметкері жұмылдырылған.
Бұған дейін оппозициялық күштер арасындағы алауыздық ауқымды наразылық шарасын ұйымдастыруға кедергі болып келген.
Шеруге қатысушылар президенттің экономикалық саясатын сынға алып, билік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеп отыр деп есептейді. Батыс ақпарат құралдары елдегі экономикалық жағдайдың нашарлағанын, халыққа қызмет көрсететін мекемелер жұмысының әлсірегенін де атап өтеді. Тунисте су мен электр жарығы жиі үзіліп, дәрі-дәрмек пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар тапшылығы байқалады.
2021 жылы «Қайта өрлеу» партиясына қарсы көшедегі наразылықтардан кейін Каис Саид өз өкілеттігін кеңейтіп, парламентті таратты. Сондай-ақ ондаған судьяны қызметінен босатып, үкімет мақұлдаған заң жобаларын президент жарлығымен бекіту құқығын енгізді. Сол кезде қарсыластары Саидты мемлекеттік төңкеріс жасады деп айыптаған болатын.
2022 жылы Тунисте президенттің өкілеттігін кеңейтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтті. Дауыс бергендердің көпшілігі жаңа Конституцияны қолдады. Алайда елде тіркелген 9,3 миллион сайлаушының үштен бірі ғана референдумға қатысты. Оппозициялық ұйымдар дауыс беруге бойкот жариялаған еді.
Каис Саид саяси қарсыластарына қысым көрсетіп отыр деген айыптауларды жоққа шығарады.




