Саясаткердің шын мәнінде қандай ұстанымда екенін кейде оның не істегенінен емес, қандай қадамға бармағанынан аңғаруға болады. Дональд Трамп Ресейге қарсы «жойқын санкциялар» енгізген жоқ. Владимир Путин де АҚШ пен әлемдік нарыққа дизель отынын жеткізуден бас тартпады. Екі тараптың көздеген мүддесі бөлек болғанымен, бұл жолы олар бір арнада тоғысты. Ал «дизель келісімінің» құнын Еуропа мен Украина төлейтін болады. Трамп үшін Конгреске өтетін аралық сайлаудан барынша аз шығынмен өту маңызды. Өйткені республикашылдардың жеңіске жету мүмкіндігі жоқтың қасы. Ал Путин Батыс елдерінің арасындағы қайшылықтарды сақтап қана қоймай, олардың мейлінше ушыға түсуіне мүдделі.
Дональд Трамп Владимир Зеленскийге Украина Қарулы күштерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруін тоқтату жөнінде қысым көрсеткенімен, Киевке оның орнына ештеңе ұсынған жоқ. Мәскеу де біраз уақыттан бері Украинадағы мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамайды. Өйткені олардың жұмысын бұған дейін-ақ тоқтатқан. Қазір Украинаны көпірлердің, деректерді өңдеу орталықтарының, энергетика және сумен жабдықтау нысандарының, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымының қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Алайда Ақ үйдің мүддесі бұл мәселелердің бәрін қамтымайды.
Киев Вашингтонның талабын орындаудан бас тартқаннан кейін, АҚШ президенті әрі Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Дональд Трамптың бұйрығымен америкалық барлау мәліметтерін алудан қағылды. Артынша Starlink жүйесінің жұмысына да айтарлықтай шектеулер қойыла бастады. Ақ үйдің 47-президенті Зеленскийді ынталандыратын ештеңе ұсына алмай отыр. Есесіне қысым көрсететін тетіктері жетерлік.
Дональд Трамп үшін 3 қарашаға, яғни Конгреске аралық сайлау өтетін күнге дейін Ресейдің 300 мың тонна дизель отыны әлемдік нарыққа жеткізіліп, АҚШ жанармай құю бекеттеріндегі бағаның төмендеуіне ықпал етуі маңызды. Бұдан кейін қараша айында тағы 500 мың тонна, ал одан соң одан да көп көлемде дизель отынын жеткізу көзделген. Келісімнің мерзімі 2027 жылғы 7 сәуірге дейін белгіленген.
Шын мәнінде, әлемдік нарықтағы дизель отынының жалпы тапшылығын ескерсек, Ресейден жеткізілетін бұл көлем теңізге тамған тамшыдай ғана. Аталған мұнай өнімінің нарыққа шығуы ең алдымен психологиялық, ақпараттық және беделдік тұрғыдан әсер етуі мүмкін. Өйткені трейдерлер қолда бар дизель отыны қорының таусылу қаупін бағаға қазірдің өзінде енгізіп жатыр. Осындай жағдайда нарықта жаңа жеткізу көзі пайда болмақ. Әзірге оның нақты нәтижесі көрінбесе де, болашақта қосымша отын жеткізіледі деген үміт бар. Ал жуырда ғана мұндай мүмкіндіктің нышаны да байқалмаған еді.
Кремль үшін Трампқа аса маңызды сайлау науқанында қолдау көрсетудің қандай мәні бар? Мұның астарында, ең алдымен, «бөліп ал да, билей бер» қағидатына негізделген саяси есеп жатыр. Автордың пайымынша, барлық сауалнамада жеңіске жетеді деп көрсетілген демократтар Еуропадағы әсіре жаһандануды жақтайтын күштердің стратегиялық одақтасы саналады. Олар Лондон мен Брюссельдің жеке әскери компаниясы іспетті соғысып жатқан Украинаны да, Ресеймен соғысқа белсенді дайындалып жатқан НАТО-дағы еуропалық одақтастарын да қолдай бермек.
Осындай жағдайда Дональд Трампты қолдау – саяси ықпалынан біртіндеп айырылып бара жатқанымен, Батыстың саяси элитасының бір тудың астына бірігуіне кедергі келтіріп отырған күшке бәс тігу деген сөз. Оның үстіне, АҚШ-тың 47-президенті Иран төңірегіндегі шиеленіске әбден шырмалып, Украина бағытындағы ресурстарды өз қалауынша қайта бөлу мүмкіндігінен айырылған. Киевтің қару-жарағындағы НАТО үлгісіндегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зениттік зымырансыз қалған. Өйткені олардың барлығы Таяу Шығысқа жөнелтіліп жатыр.
АҚШ-тың Демократиялық және Республикалық партиялары туралы сөз болғанда, олардың түптеп келгенде қаржы билігіне сүйенетін бір саяси күштің екі қанаты екені бұрыннан айтылып келеді. Ақ үйдегі билік ауысқан сайын осы екі партияның бірі өзін оппозиция ретінде көрсетіп, қоғамдағы наразылық көңіл күйді өзіне қарай бұрады. Сөйтіп, халықтың қарсылығын демократтардың символы саналатын «есек» пен республикашылдардың нышанына айналған «піл» төңірегіндегі саяси бәсекеге сіңіріп, оның ықпалын әлсіретеді.
Алайда қазіргідей жаһандық дағдарыс кезінде қаржы мүддесін көздейтін осы екі саяси топтың арасындағы айырмашылық тек сыртқы сипатпен шектелмей, олардың шынайы қайшылықтары айқындала түседі. Бір-бірімен бәсекелес геосаяси жобалар арасындағы текетірес те күшейеді. Дональд Трамптың саяси шығыны неғұрлым аз болса, Еуропа мен Украинаның алдынан соғұрлым көп қиындық шығады. Ал бұған қол жеткізу үшін Ресей дизель отынын шетел нарығына жеткізуі керек.
«Дизель келісімінің» салдарын Киев Ресейдің ел ішіндегі алыс нысандарына соққы беру мүмкіндігінің шектелуі арқылы тартып отыр. Ал Еуропа Вашингтонның стратегиялық қолдауына бұрынғыдан да көбірек мұқтаж болып отырған шақта АҚШ-пен қарым-қатынасын одан әрі қиындатып жатыр.




