Евразия24ЖаңалықтарАзия қор нарықтарында технологиялық компаниялар акцияларының арзандауына байланысты индекстер төмендеді

Азия қор нарықтарында технологиялық компаниялар акцияларының арзандауына байланысты индекстер төмендеді

|

|

Токио. 15 қазан. ИНТЕРФАКС – Бейсенбі күні Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қор индекстері технологиялық компаниялар акцияларының арзандауына байланысты төмендеп жатыр.

Бір күн бұрын АҚШ қор нарығында да осындай жағдай байқалған. Сарапшылардың айтуынша, қарыз қаражатының қымбаттауы жасанды интеллект саласына ауқымды инвестиция құйып жатқан технологиялық компаниялардың несие алу мүмкіндіктеріне кері әсер етуі ықтимал.

«Жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін компаниялардың қаржылық жағдайы нашарлауы мүмкін деген алаңдаушылық пайда болды. Соның салдарынан осы салаға жұмсалатын күрделі қаржының көлемі мен жасанды интеллект технологияларына негізделген бизнестің табыстылығына қатысты күмән күшейді», – деді Nomura сарапшысы Ватару Акияма.

Мәскеу уақытымен сағат 8:26-да Жапонияның Nikkei 225 индексі 4,5 пайызға төмендеді. Осылайша индекс қатарынан алтыншы сауда сессиясында құлдырап отыр.

Микрочиптерді сынақтан өткізуге арналған жабдық өндіретін Advantest компаниясының акциялары 13,7 пайызға, чип өндірісіне қажетті жабдық шығаратын Tokyo Electron акциялары 6,3 пайызға арзандады. Инвестициялық және технологиялық SoftBank Group компаниясының бағалы қағаздары 8,8 пайызға, микрочип өндіруші Kioxia акциялары 10,5 пайызға төмендеді. Ал жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті құрамдас бөлшектер шығаратын Sumco Corp. және Lasertec Corp. компанияларының акциялары тиісінше 12,3 және 11,5 пайызға құнсызданды.

Қаржы секторындағы компаниялардың да акциялары арзандады. Атап айтқанда, Mizuho Financial Group бағалы қағаздары 2 пайызға, Sumitomo Mitsui Financial Group пен Mitsubishi UFJ Financial Group акциялары 1,2 пайызға төмендеді.

Ал фармацевтика саласындағы Sumitomo Pharma және Takeda Pharmaceutical Co. компанияларының акциялары тиісінше 15 және 4 пайызға қымбаттады. Сауда желілеріне иелік ететін Fast Retailing пен Seven & I Holdings компанияларының бағалы қағаздары 0,2 және 1,1 пайызға өсті.

Сондай-ақ электроника өндіруші Sony акциялары 0,2 пайызға, косметика шығаратын Shiseido акциялары 0,9 пайызға, ал Toyota мен Honda автоконцерндерінің бағалы қағаздары тиісінше 0,5 және 0,4 пайызға қымбаттады.

Мәскеу уақытымен сағат 8:37-де Қытайдың Shanghai Composite индексі 2,4 пайызға, Гонконгтың Hang Seng индексі 1,5 пайызға төмендеді.

Hang Seng индексіне кіретін компаниялар арасында компьютер өндіруші Lenovo мен микрочип шығаратын Hua Hong Grace Semiconductor акциялары ең көп арзандады. Олардың құны тиісінше 13,6 және 8,6 пайызға құлдырады.

Түсті металл өндіретін Aluminum Corp. of China, CMOC және China Hongqiao Group компанияларының акциялары тиісінше 7,3, 7 және 5,9 пайызға төмендеді. Аккумулятор өндіруші CATL бағалы қағаздары 7,3 пайызға, интернет-компания Baidu Inc. акциялары 4,2 пайызға, ал мұнай өндіретін PetroChina Co. мен CNOOC акциялары тиісінше 2,8 және 2,7 пайызға арзандады.

Сонымен бірге BeOne Medicines және Hansoh Pharmaceutical Group фармацевтикалық компанияларының акциялары тиісінше 2,6 және 2,3 пайызға қымбаттады. Тұрмыстық электроника өндіруші Xiaomi акциялары 2,3 пайызға, ал сыра өндіретін Budweiser Brewing Co. APAC Ltd компаниясының бағалы қағаздары 1,5 пайызға өсті.

Оңтүстік Кореяның Kospi индексі Мәскеу уақытымен сағат 8:21-де 7,6 пайызға құлдырады. Индекс қатарынан жетінші сауда күнінде төмендеп, шілде айының соңынан бергі ең төменгі деңгейге түсті.

Әлемдегі ең ірі микрочип және смартфон өндірушілердің бірі Samsung Electronics компаниясының акциялары 8,4 пайызға, тағы бір чип өндіруші SK Hynix акциялары 9,9 пайызға арзандады.

Түсті металл өндіретін Korea Zinc компаниясының бағалы қағаздары 5,1 пайызға, болат өндіруші Posco акциялары 4,2 пайызға, Hyundai Motor автоконцернінің акциялары 5,9 пайызға төмендеді. Аккумулятор шығаратын LG Energy Solution компаниясының акциялары 3,4 пайызға, ал KB Financial Group бағалы қағаздары 0,9 пайызға құнсызданды.

Аустралияның S&P/ASX 200 индексі бір күнде 0,1 пайызға төмендеді.

Елдің статистика басқармасының мәліметінше, қыркүйекте Аустралиядағы жұмыссыздық деңгейі тамыз айындағы көрсеткіштен өзгермей, 4,7 пайыз болды. Бұл – 2021 жылғы қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Жұмыссыздар саны 8,9 мың адамға көбейіп, 732 мыңға жетті. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2021 жылғы сәуірде тіркелген. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 39,3 мың адамға азайып, 14,78 миллионға дейін қысқарды.

Әлемдегі ең ірі тау-кен өндіруші компаниялардың қатарындағы BHP мен Rio Tinto-ның нарықтық құны тиісінше 4,6 және 4,1 пайызға төмендеді.

Ал Аустралияның ірі банктерінің акциялары қымбаттады. Атап айтқанда, ANZ бағалы қағаздары 2,3 пайызға, Commonwealth Bank of Australia акциялары 3,1 пайызға, National Australia Bank акциялары 2,9 пайызға, Westpac Banking акциялары 3,1 пайызға, ал Suncorp акциялары 2,4 пайызға өсті.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Трамп пен Путиннің дизель келісімі: тиімді және тиімсіз тұстары

Саясаткердің шын мәнінде қандай ұстанымда екенін кейде оның не істегенінен емес, қандай қадамға бармағанынан аңғаруға болады. Дональд Трамп Ресейге қарсы «жойқын санкциялар» енгізген жоқ. Владимир Путин де АҚШ пен әлемдік нарыққа дизель отынын жеткізуден бас тартпады. Екі тараптың көздеген мүддесі бөлек болғанымен, бұл жолы олар бір арнада тоғысты. Ал «дизель келісімінің» құнын Еуропа мен Украина төлейтін болады. Трамп үшін Конгреске өтетін аралық сайлаудан барынша аз шығынмен өту маңызды. Өйткені республикашылдардың жеңіске жету мүмкіндігі жоқтың қасы. Ал Путин Батыс елдерінің арасындағы қайшылықтарды сақтап қана қоймай, олардың мейлінше ушыға түсуіне мүдделі.

Құрылтай депутаты салық реформасының нәтижесін сынға алды

Депутаттың айтуынша, 2027 жылы бюджеттің меншікті кірісін 16 пайыздан астамға, яғни шамамен 2,8 трлн теңгеге арттыру жоспарланған. «Алайда бұл болжам биылғы түсімдердің төмендетілген көрсеткішіне сүйеніп жасалған. Мұның әсері әсіресе қосылған құн салығынан түсетін кірістен айқын байқалады.

Алматыдағы РФММ оқушыларының жаппай сырқаттануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

14 қазанда алдымен әлеуметтік желілерде, кейін ресми бұқаралық ақпарат құралдарында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады. Артынша бұл жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі де растады. Жедел ішек инфекциясына күдікпен 48 бала ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Тағы бірнеше оқушы сақтық шарасы ретінде мектеп интернатында оқшауланды.

Қазақстан Құрылтайы 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстанның бір палаталы парламенті – Құрылтай сәрсенбі күні «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.