LSM агенттігінің хабарлауынша, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру әзірге бюджет кірісінің күткендегідей өсуіне ықпал етпеген. Бұл туралы депутат Ольга Перепечина мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, 2027 жылы бюджеттің меншікті кірісін 16 пайыздан астамға, яғни шамамен 2,8 трлн теңгеге арттыру жоспарланған. «Алайда бұл болжам биылғы түсімдердің төмендетілген көрсеткішіне сүйеніп жасалған. Мұның әсері әсіресе қосылған құн салығынан түсетін кірістен айқын байқалады. (…) Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, 2027 жылға жоспарланған кіріс өсімі 2026 жылы бюджетке түспей қалған қаражаттың орнын толтыруға жұмсалып кетуі мүмкін», – деді ол. Ольга Перепечина өңірлерге бөлінетін қаржы биылғы жылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғаятынын да атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық қордан инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол салуға, елді мекендерді таза ауызсумен және тұрақты байланыспен қамтамасыз етуге 2 трлн теңге бөлу көзделген. «Бұл қаражатты пайдалану кезінде жобалар ашық әрі әділ іріктеліп, олардың ұзақ мерзімді тиімділігі бағалануы және көзделген нәтижелердің орындалуы қатаң бақылануы тиіс. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына қарағанда, нысаналы трансферттерді жоспарлау және инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін жасау мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелі бекітілмей тұрып жүргізілген. Біз жобалардың нақты тізімін көріп отырған жоқпыз. Бюджетпен бірге ұсынылған материалдарда оларды іріктеу өлшемдері де, тиісті негіздемелер де жоқ…», – деп Ольга Перепечина атап өтті .
Еуразия24 пікірі:
Үкімет тағы да тығырықтан шығар жолды Ұлттық қордан іздеп отыр. Естеріңізде болса, сәуір айында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда әлемге танымал S&P, Moody’s және Fitch рейтинг агенттіктерінің өкілдерімен кездескен болатын. Сол жолы ол Үкіметтің соңғы бірнеше жылда алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферт алмайтынын мақтанышпен мәлімдеген еді. Яғни 2026 жылы бұл қаржыға жүгінбеу туралы шешім қабылданған. Ал 2025 жылы Ұлттық қордан 3,25 трлн теңге алынған болатын.
Бірақ ол шешімнің де ғұмыры ұзаққа бармаған сыңайлы. Енді 2027 жылы Ұлттық қордан тағы 2 трлн теңге алу жоспарланып отыр. Әрине, бұл қаражаттың ел үшін маңызды, халыққа қажетті жұмыстарға жұмсалатынына ешкім дау айтып отырған жоқ.
Депутатты алаңдатқан мәселе басқа. Осынша қаржы бөлінетін жобалар неге ашық жарияланбайды? Үкімет нені құпия ұстап отыр? Біздіңше, Құрылтай депутаттары талап етсе, Үкімет ақыры жобалардың тізімін де, олардың қалай іріктелгенін де жариялайтын шығар. Сонда депутаттар құжаттармен танысып, қаржының қайда және не үшін жұмсалатынын саралап, өз бағасын берер.




