Евразия24ЖаңалықтарЖаңа Конституция 2026 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енеді

Жаңа Конституция 2026 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енеді

|

|

Астана. 12 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан азаматтары республикалық референдумда қолдаған жағдайда, жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл норма бейсенбі күні мемлекеттік БАҚ-та жарияланған жаңартылған жоба мәтінінде көрсетілген.

Жобаға сәйкес, «Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді және осы күннен бастап бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының қолданысы тоқтатылады» (94-бап).

Жаңартылған нұсқада қазіргі Конституция негізінде қалыптасқан Парламенттің өкілеттігі де осы күннен бастап тоқтатылатыны нақтыланған.

«1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатады», – делінген жобаның 95-бабында.

Конституция жобасының қорытынды бөлімінде көрсетілгендей, Парламенттің жаңа атауы ретінде ұсынылған «Құрылтайға» сайлау Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Президент тарапынан жарияланып, екі ай ішінде өткізілуі тиіс.

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындауы қажет.

Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары да бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс. Жаңа құрам жасақталғанға дейін 1995 жылғы Конституцияға сәйкес тағайындалған Конституциялық сот төрағасы мен судьялары өз өкілеттіктерін сақтайды.

Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері де Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалады. Жаңа құрам қалыптасқанға дейін қолданыстағы төрағалар мен мүшелер өз міндеттерін атқара береді.

Жоғарғы соттың төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.

Ал 1995 жылғы Конституцияға сәйкес сайланған немесе тағайындалған Жоғарғы сот, жергілікті және өзге де соттардың судьялары, мәслихат депутаттары және өзге де лауазымды тұлғалар өз өкілеттіктерін Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін жалғастыра береді (95-бап).

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызға жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындау туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Референдумға «Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңа Конституциясының жобасын қабылдайсыз ба?» деген тұжырыммен сұрақ шығарылады.

Жобада көзделген негізгі жаңашылдықтар қатарында: вице-президент лауазымын енгізу; Парламенттің бір палаталы органға айналып, «Құрылтай» деп аталуы және 145 депутаттан тұруы, олардың тек партиялық негізде сайлануы қарастырылған. Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығына ие болатын жоғары консультативтік орган – «Халық кеңесі» құрылады.

Жаңа Конституцияның алғашқы жобасы қаңтар айының соңында жарияланған болатын және 95 баптан тұрған. Жаңартылған нұсқа 96 бапты қамтиды. Құжаттағы бірқатар нормалар толықтырылған, өзгертілген және нақтыланған.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Түркі интеграциясы: нақты нәтижелер мен жаңа мүмкіндіктер

ТМҰ біртіндеп бастапқы саяси алаң сипатынан нақты экономикалық мазмұнға ие, практикалық нәтижеге бағытталған құрылымға айналып келеді. Нақты бағыттарға — сауда, инвестиция, көлік, цифрландыру — басымдық берілуі түркі интеграциясының қолданбалы сипатын айқын көрсетеді. Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылуы да заңды.

Қуаңшылық қаупі: Орталық Азия су ресурстары тапшылығына тап болды

рталық Азияға жаңа су көздерін іздеуден гөрі су шаруашылығын жаңғырту қажет. Атап айтқанда, суару жүйелерін жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру маңызды. Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың тағы бір жолы — ауыл шаруашылығы моделін өзгерту.

Еуропаның бетбұрыс кезеңі: соғыс, тәуелділік және жаңа мүмкіндіктер

Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттерінен бір ай өткен соң, Еуропада елеулі саяси өзгерістер айқын байқала бастады. Жалпы жағдай «ұжымдық Батыс» деп аталатын кеңістікте ішкі қайшылықтардың күшейіп, стратегиялық ұстанымдардағы айырмашылықтар мен саяси шиеленістің артып отырғанын көрсетеді. Иран үкіметін құлату жөніндегі алға қойған мақсаттың орындалмауы және Тегеранның өңірдегі батыс мүдделеріне қайтарған жауабы жағдайды күрделілендіре түсті. Қақтығыстың ауқымы кеңейіп, бұрын-соңды болмаған дағдарыс қаупінің туындауы АҚШ пен бірқатар еуропалық елдер арасындағы саяси және стратегиялық алшақтықты тереңдетті. Бұл алауыздық екі тарап арасындағы өзара түсініспеушілік пен басымдықтардың қайшылығы белең алған тұста көрініс тауып отыр.

Астана мен Киев агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан мен Украина сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде басым бағыттардың бірі саналатын агроөнеркәсіп кешені саласында кеңейтуді жоспарлап отыр.