Евразия24Басты бетБілім ордасындағы озбырлық: беделді мектептердегі бала қауіпсіздігі мәселесі

Білім ордасындағы озбырлық: беделді мектептердегі бала қауіпсіздігі мәселесі

|

|

Элиталық білім беру саласындағы «жабық есік» жағдайы Алматыдағы QSI халықаралық мектебінде орын алған келеңсіз оқиғаға дейін көпшілік назарынан тыс қалып келген. Аталған мектепте оқушы қыздың жүйелі түрде жасалған буллинг салдарынан өз өміріне қол жұмсамақ болғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл қасіретті жағдай, сондай-ақ мектеп әкімшілігінің қорлық туралы шағымдарға дер кезінде назар аудармауы және басшылықтың ата-аналармен кері байланыс орнатпауы туралы белгілі бизнесмен Қанат Амиркин  мәлімдеді. Оқиғадан кейін бір тәулік ішінде Алматы қаласының полициясы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, ал білім басқармасы мән-жайды анықтау үшін арнайы мониторингтік топ құрды. Нақты бір білім ордасындағы бала қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың неліктен бақылаудан шығып кеткенін құқық қорғау органдары анықтауда. Ал біз, мемлекеттің балаларға білім беру сияқты іргелі әлеуметтік міндетті орындап отырған жекеменшік сектор қызметін реттеу тетіктері қаншалықты пәрменді екеніне талдау жасап көрейік.

 

ЕРЕКШЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕ

Қазақстанда бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру қызметі лицензиялауға жатады. Меншік нысанына және қай ведомствоның қарауында екеніне қарамастан барлық мектептерге (өз алдына жеке заңмен жұмыс істейтін «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» қоспағанда) ортақ типтік ережелер қолданылады. Аталған ережелерге сәйкес, мектептегі білім беру мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына (МЖМБС) сай әзірленген және іске асырылатын жұмыс бағдарламалары мен оқу жоспарлары арқылы айқындалады. Тек таңдау бойынша құрамдас бөлік (компонент) аясында ғана оқу пәндерінің жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламалары дербес дайындалып, қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Дегенмен, жекеменшік мектептердің арасында халықаралық мектеп деген ерекше құқықтық мәртебеге ие жеке санат бар. Олардың үлесі жекеменшік білім беру мекемелерінің жалпы санының шамамен 3-4 пайызын құрайды. Нарықтағы барлық танымал атауларды тізбелемей-ақ, солардың бірі ретінде Қазақстанның Алматы, Астана және Атырау қалаларында жұмыс істейтін QSI мектебін атап өтуге болады. Халықаралық мектеп мәртебесі жай ғана емес, Үкіметтің арнайы қаулысымен беріледі. Бұл мәртебе қандай мүмкіндіктер береді?

Біріншіден, оқу бағдарламаларын әзірлеу мен қолданудағы дербестік. Халықаралық мектептер өздерінің интеграцияланған оқу жоспарларын (IB, Cambridge, Advanced Placement және тағы басқалар) енгізуге құқылы.

Екіншіден, аттестаттаудың ерекше тәртібі. Мұндай мектептердің түлектері ұлттық үлгідегі аттестатпен қатар, әлемдік жоғары оқу орындары мойындайтын халықаралық дипломды да ала алады.

Сонымен қатар, мемлекет лицензиясы бар жекеменшік мектепке халықаралық мәртебе бере отырып, оқу жүктемесінде қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндерінің мемлекеттік тілде міндетті түрде оқытылуын талап етеді. Сондай-ақ штаттық құрамдағы жергілікті педагогтердің үлесі 90 пайыздан кем болмауы және олардың жоғары санатқа (педагог-сарапшы және одан жоғары) ие болуы шарт.

Біздің әріптестеріміз жуырда ғана аталған желіге жататын алматылық мектеп туралы былай деп жазған болатын:

«Болжамды табысы – 6,44 млрд теңге. Оқудың ай сайынғы орташа құны – 1,4 млн теңге. Оқушылар саны – 495. Басшысы/Негізін қалаушы – Джеймс Гилсон, Quality Schools International (Словения) коммерциялық емес жеке білім беру мекемесі. Мектеп Алматыда 1993 жылы ашылған. Негізгі оқыту тілі — ағылшын тілі. Алматыдағы QSI — негізінен шетелдік компаниялар қызметкерлері мен дипломаттардың балалары оқитын халықаралық мектептер желісінің бір бөлігі. QSI желісі әлемнің 31 елінде 37 мекемені біріктіреді. Әлемнің 28 елінің өкілдері білім алатын алматылық QSI мектебінің оқу бағдарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген. Бұл түлектерге АҚШ пен Канаданың үздік университеттері мен колледждеріне түсуге мүмкіндік береді. 495 оқушының 253-і — Қазақстан азаматы, тағы 78 оқушы — АҚШ азаматы, қалған 163-і — басқа мемлекеттердің резиденттері».

Қанат Амиркин өзінің қызымен болған оқиғадан кейін QSI мектебі туралы мүлдем басқа пікір білдірді:

«Ашығын айтқанда: білім деңгейі төмен. Тәртіп мүлдем жоқ. Мен бухгалтерлік бөлімде отырғанда, жанымыздан өтіп бара жатқан оқушылардың балағат сөздермен сөйлесіп бара жатқанын өз құлағыммен естідім. Жанымда отырған мұғалімдердің бірі де бұған мән бермеді. «Бұл сіздердің тікелей міндеттеріңіз емес пе?» — деген ескертуімнен кейін ғана әрекет етті. Осындай «қымбат» жекеменшік мектептерде бала кезінен өзгелерді қорлауға, қысым көрсетуге, «топ» болып жиналып, әлсіздерді кемсітуге болады деген түсінікпен «алтын жастар» қалыптасады. Кейін олар есейгенде жазасыз қалатындай сезіммен өмір сүреді, өйткені оларға бала кезден солай істеуге рұқсат берілген».

Осылайша, мектептің ерекше мақтанышы саналатын, жоғары сынып оқушыларына арналған университеттік деңгейдегі америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесі ата-аналар қауымдастығы тарапынан лайықты бағасын ала алмады. Сондай-ақ, бұл бағдарлама элиталық оқу орнында бала қауіпсіздігінің ең қарапайым деңгейін қамтамасыз етуге де септігін тигізбеген. Осы орайда, 2018 жылы Астанадағы QSI мектебінде америкалық мұғалім Стивен Джексонға қатысты дау туындағанын еске сала кетейік. Ол бұрын істі болғанына қарамастан жұмысқа қабылданып, кейін оқушыларға тиіскені үшін қызметінен босатылған және Қазақстаннан шұғыл түрде кеткен.

ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ – ЕРЕКШЕ КӨЗҚАРАС ПА?

Осы орайда: «Қазақстандағы халықаралық жекеменшік мектептердің ерекше мәртебесінен бөлек, мемлекеттік тексерулерден қорғайтын иммунитеті де бар ма?» деген орынды сұрақ туындайды. Іс жүзінде олай емес — керісінше, оларға жүктелетін мемлекеттік қадағалау талаптары қарапайым мемлекеттік мектептерге қарағанда әлдеқайда қатаң. Негізгі реттеуші орган — Оқу-ағарту министрлігі, ал оның құрамындағы Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті лицензиялық талаптардың сақталуын, білім беру қызметінің сапасы мен аттестаттау процесін тікелей бақылайды. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер тарапынан да қосымша бақылау жүргізіледі.

Бұл айтарлықтай үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, аталған бақылау шаралары қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қатаң жүзеге асырылады. 2023 жылдың соңында жеке кәсіпкерлікті тексеруге қойылған мораторий күшін жойғаннан кейін, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, көптеген мектептер білім беру лицензиясын алудың орнына «халықаралық орталық» мәртебесін жамылып, мемлекеттік органдарға хабарламастан жұмыс істеп келген.

2024 жылдың тамыз айында комитет бірінші жартыжылдықтағы мемлекеттік бақылау шараларының қорытындысын жариялады. Мәліметтерге сәйкес, 1047 орта білім беру ұйымы тексерілген, оның ішінде небәрі 234-і немесе 22 пайызы ғана аттестаттаудан өткен, ал қалғандары тиісті талаптарға сай болмай шықты. Аталған мекемелердің меншік нысаны нақтыланбағандықтан, бұл тек жекеменшік ұйымдарға қатысты деп кесіп айту қиын. Десе де, бұл көрсеткіштер айтарлықтай алаңдатарлық жағдайды аңғартады.

Бұдан бөлек, 2024 жылдың қараша айында оқу-ағарту министрлігі лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін 58 мектепке айыппұл салынғаны туралы ақпарат таратты.

«Қазіргі таңда аталған мекемелердің 17-сі білім беру ісіне қойылатын талаптарды орындап, өз қызметін заңдастырды. Ал рұқсат құжатынсыз жұмыс істеп келген мектептерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы негізінде тиісті шара қолданылып, сот шешімімен айыппұл салынды. Заңсыз қызмет көрсеткен білім беру нысандарының басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында шоғырланған», — деп мәлімдеді министрлік.

Түптеп келгенде, 2026 жылдың қаңтарында Қаржы министрлігі жүргізген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептердегі өрескел заң бұзушылықтардың бетін ашты . Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және есеп беру кезінде көрсеткіштерді қолдан асыра көрсету фактілері жаппай сипат алған.

Десе де, мемлекет жеке білім беру саласындағы бақылау шаралары туралы есеп бере отырып, заң бұзған нақты мекемелердің атын атаудан тартынып отыр. Негізінде, қоғам бұзақылардың атын білгені жөн.

САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ

Сырт көзге нормативтік талаптар мен қабылданып жатқан шаралар бойынша мемлекет жекеменшік мектептердің қызметін толық қадағалап отырғандай көрінеді. Алайда, Алматының элиталық мектебінде орын алған жан түршігерлік жағдай бұл бақылаудың дәрменсіздігін көрсетіп берді. Демек, аттестаттаудан өту мен лицензия талаптарын орындау жеткіліксіз; мектеп ішіндегі тәртіп пен оқушылар арасындағы қарым-қатынас мемлекеттік қадағалаудың назарынан тыс қалған.

Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылдың өзінде-ақ балаларға жасалатын қысымның (буллингтің) алдын алу қағидаларын бекіткен болатын. Содан бері мемлекеттік білім беру жүйесі ауыр зардаптардың алдын алу үшін мектеп қабырғасындағы кез келген қудалау дерегінен барынша сақтанып келеді. Егер мұндай фактілер анықталып, уақтылы шара қолданылмаса, мектеп директорының қызметтен босатылуы қолданатын жазаның ең жеңілі ғана болады.

Алайда, жекеменшік мектептер жүйесінде балалар арасындағы тәртіпсіздік мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтін сияқты. Оған өзін-өзі өлтіруге оқталу жағдайы дәлел бола алады. Элиталық мектептердегі балалардың мәртебесі жоғары болғандықтан, озбырлық көрсеткендерге қатысты ішкі тексеру жүргізу мекеме үшін қаржыдан қағылуға, беделдің түсуіне немесе басқа да келеңсіздіктерге әкеп соғуы мүмкін. Біздің ойымызша, бұл жағдайға бұдан басқа қисынды түсініктеме жоқ.

Қанат Амиркиннің қызымен болған оқиға туралы жазбасының астында: «Қудалау тоқтамағанын біле тұра, неге ата-анасы баланы мектептен алып кетпеді?» деген сауал көп қойылды. Ол бұл сұраққа келесі жазбасында былай деп жауап берді:

«Иә, өткен жылы қызымның буллингке ұшырағанын білген бойда, оны бірден мектептен шығарып алдық. Бұған дейін ағылшын тілінде білім алғандықтан, ол Астанадағы Ardingly мектебіне оқуға түсті. Алайда арада бір ай өткенде бізді сағынып, Алматыға қайта оралды. QSI мектебінде менің тағы үш балам оқиды, бірақ оларда мұндай жағдайлар байқалған емес. Содан соң қызым да бұрынғы мектебінде оқуын жалғастыруға келісті. Бұл менің қателігім…».

Ересектердің (нақтырақ айтсақ, мектеп қызметкерлерінің) салғырттығынан бала ауыр зардап шегіп отырғанда, «бұған қалай жол бердіңіздер?» деген сауал орынсыз. Бұл жағдай қоғамдық орындардан бастап, әр шаңыраққа дейін тамыр жайған виктимблейминг мәселесін қайтадан алға шығарды. Қазақстандықтар арасында «құрбанның өзі кінәлі» дейтін қисынсыз түсінік әлі де басым. «Агрессорды ортадан аластату» сияқты ең дұрыс шешімнің орнына, «сені ренжіткен жерден қаш» деген пікірдің насихатталуы өкінішті. Сонымен қатар, бұл оқиға «қымбат әрі элиталы дүниенің бәрі бірдей қауіпсіз әрі сапалы емес» деген тұжырымды тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Ал енді «Евразия-24» редакциясының пікірінше, бұл оқиғадағы ең негізгі мәселеге тоқталайық:

Еліміздегі дәулетті азаматтардың балаларына арналған ағылшын тілді білім беру жүйесінің өзіндік тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар екені түсінікті. Осы орайда, кезінде Англия ақсүйектері мен текті әулеттердің ұрпақтары білім алған жабық элиталық мектептерді еске түсірейік. Ол жерлерде балаларды отарларды басқарушы рөліне арнайы дайындайтын болған. Тіпті, қабілетсіздерді іріктеп шығару мақсатында буллинг әдістері де әдейі қолданылған.

Осындай мектептердің арқасында Британия империясы санаулы ғана басқарушылардың көмегімен әлемнің жартысына үстемдік етті.

Бүгінде бұл тәжірибе Қазақстанда жаңа отаршылдық сипатта қайталануда. Тәрбиелеудің аталған әдістері отандық жаңа элита өкілдеріне де қолданыла бастады. Бұл болашақта өз отандастарын отарлық жүйемен басқару мақсатын көздей ме деген сауал туындайды.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан Президенті Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы сейсенбі күні қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанның сауда министрі АҚШ-пен сауда келісімі бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді

Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, әзірге толық аяқталған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял мәлімдеді.

АҚШ Президентінің арнайы өкілі Израиль премьер-министрімен кездесу үшін елге келді

АҚШ Президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Израильге келді. Бұл туралы израильдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Норвегия парламенті монархияны сақтап қалуды қолдап дауыс берді

Сейсенбі күні Норвегия парламенті монархиялық басқару нысанын сақтап қалу жөнінде шешім қабылдады.