Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың талдауы:
«Қазақстан-2026: жақын болашақта елдің саяси өмірінде қандай өзгерістер күтілуде? Оқиғалардың шамаланған хронологиясы төмендегідей:
Наурыздың екінші жартысы – маусым: Қолданыстағы Парламенттің конституциялық заңдар пакетін қарауы және қабылдауы.
1 шілде: ҚР жаңа Конституциясының ресми түрде өз күшіне енуі және қазіргі Негізгі Заң қолданысының автоматты түрде тоқтатылуы. Осымен бір мезгілде Парламенттің, Мемлекеттік кеңесшінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тоқтатылады.
Шілде-тамыз: Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқаны. Сайлаудың өзі үстіміздегі жылдың 30 тамызында өтуі ықтимал. Осы кезеңде Халық Кеңесі де жасақталуы мүмкін.
4 немесе 7 қыркүйек: I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясының ашылуы. Онда Президент халыққа кезекті Жолдауын арнап, оның ұсынысы бойынша Құрылтай төрағасы сайланады деп күтілуде.
Қыркүйек: Вице-президентті тағайындау және жаңа Үкіметті құру. Кадрлық ауыс-түйістер, сірә, ҚР Президенті Әкімшілігін, өзге де орталық мемлекеттік органдарды, өңір әкімдерін және дипломатиялық қызметті де қамтиды».
Еуразия24 пікірі:
Президенттің жаңа Конституцияға қол қойғанын ескерсек, сарапшының болжамы дәл келді деуге негіз бар. 2026 жыл Қазақстан үшін ауқымды саяси жаңғыру жылы болмақ. Конституциялық заңдарды қабылдаудан бастап, жаңа заң шығарушы органды іске қосуға дейінгі реформалардың өзіндік «жол картасы» дайын. Өзгерістердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы белгісіздік деңгейін төмендетеді, бұл азаматтық қоғам үшін өте маңызды. Мемлекеттік институттардың жаңаруы — ескі модельді жай ғана қайта пішімдеу емес, іс жүзінде басқару жүйесін жаңа әлеуметтік және саяси шынайылыққа бейімдеу болып табылады. Бұл шешім қабылдау тиімділігін арттыруға жол ашады. Үкіметтен бастап әкімдер мен дипломаттарға дейінгі кадрлық құрамның синхронды түрде жаңаруы мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тұлғалар мен тың тәсілдерді әкеліп, элитаның нәтиже үшін жауапкершілігін күшейтетіні анық.




