Евразия24Басты бетӘлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету – БРИКС миссиясы

Әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету – БРИКС миссиясы

|

|

Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебі» жаһандық экономика және саясат факультетінің «Ресейдің басым серіктес елдермен ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы» ғылыми-оқу тобы (ҒОТ) өткізген ғылыми семинар қорытындылары бойынша дайындалған аналитикалық шолу. Зерттеу авторлары — Анастасия Гаврилова мен Константин Шаталин.

Әлемдік экономика тұрақты құбылмалы кезеңге қадам басты: климаттық дағдарыс, геосаяси қайшылықтар және пандемиядан кейінгі салдар бір-бірімен қабаттасып отыр. Мұндай жағдайда азық-түлік мәселесі тек экономикалық санат болудан қалып, әлеуметтік әрі саяси тұрғыдан аса өзекті сын-қатерге айналуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, 2023 жылы 733 миллион адам аштыққа тап болған. Сонымен қатар баға ауытқулары миллиондаған отбасының табысына кері әсерін тигізіп отыр. Осындай жағдайда БРИКС бірлестігінің маңызы арта түсуде. Оның әлеуеті жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің жаңа үлгісін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

Осындай күрделі геоэкономикалық жағдайда БРИКС бірлестігінің рөлі айқындала түсуде: ол пікір алмасу алаңынан біртіндеп жаңа азық-түлік жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін негізгі күштердің біріне айналып келеді.

БРИКС-тің жаһандық азық-түлік нарығына ықпалы, ең алдымен, оған мүше елдердің ауқымды ресурстық және өндірістік әлеуетіне негізделген. Олардың үлесіне әлемдік азық-түлік өндірісінің шамамен 42%-ы, ауыл шаруашылығы жерлерінің 33%-ы және тұщы су ресурстарының 39%-ы тиесілі. Бұл БРИКС-тің жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі шешуші рөлін көрсетеді.

Бұл жүйеде шешуші рөл Ресей Федерациясына тиесілі. Соңғы он жылда ел агроөнеркәсіп кешенінде елеулі серпіліс жасап, әлемдік бидай нарығында жетекші орынға шықты. 2024 жылы Ресей 109 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады. Көптеген мемлекет үшін ресейлік астық жеткізілімдері азық-түлік тұрақтылығының маңызды факторы болып отыр.

Бразилия соя, кофе, қант пен ет экспортында әлемдік көшбасшылар қатарында. Елде егістік жер қоры мол әрі тропикалық егіншілік технологиялары жақсы дамыған. Үндістан соңғы жылдары азық-түлік тапшылығын еңсеріп, өзін толық қамтамасыз ететін мемлекетке айналды және күріш экспортында жетекші орынға ие болды. Қытай негізгі астық өндірушілердің бірі ретінде ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және қосылған құны жоғары өніммен сыртқы нарыққа шығуға бағытталған инвестицияларды күшейтіп келеді.

Эфиопия мен Египет сияқты БРИКС-тің жаңа мүшелері үлкен даму әлеуетіне ие, бірақ климаттық өзгерістерге де осал. Мәселен, Эфиопия бидай өндірудің ұлттық бағдарламасын жүзеге асырып, құрғақ өңірлерде суармалы егіншілікті дамыту арқылы өзін толық қамтамасыз етуге қол жеткізді, сондай-ақ Африкадағы ірі бидай экспорттаушы елдердің біріне айналды.

БРИКС-ке мүше мемлекеттер өз жауапкершілігін сезіне отырып, ауыл шаруашылығы саласында көп деңгейлі іс-қимыл жүйесін қалыптастыруда. 2025 жылғы сәуірде бірлестікке мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері 2025–2028 жылдарға арналған нақты бағыттарды айқындайтын Бірлескен декларацияны бекітті. Аталған құжат келесі үш негізгі бағытқа басымдық береді: азық-түлік қауіпсіздігін нығайту; тұрақты даму мен отбасылық фермерлік шаруашылықтарды қолдау; агроөнеркәсіптік саудадағы кедергілерді жою. Институционалдық бастамалардың ішіндегі ең ауқымдысы — БРИКС астық биржасын құру. 2025 жылы мақұлданған бұл жоба бағаның тәуелсіз индикаторларын қалыптастыруға және Жаһандық Оңтүстік елдерінің экспорттаушылары мен импорттаушылары арасындағы тікелей есеп айырысу процестерін оңтайландыруға бағытталған. Сарапшылардың болжамынша, жаңа биржалық алаң әлемдік астық жеткізілімінің 30-дан 40%-ға дейінгі үлесін қамти алады. Бұл өз кезегінде нарықты тұрақтандырудың және алыпсатарлық капиталдың ықпалын төмендетудің пәрменді құралына айналмақ.

Тағы бір маңызды бағыт — азық-түліктің бірлескен резервтерін қалыптастыру бастамасы. Халықты бағаның құбылуы мен өнімсіз жылдардан қорғау үшін стратегиялық астық қорын жасақтаған Үндістанның сәтті тәжірибесіне сүйене отырып, БРИКС ұжымдық буферлік қорлар жүйесін дамытуды көздеп отыр. Бұл гуманитарлық апаттар мен бағаның күрт өзгеруіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ресей БРИКС аясында мамандандырылған азық-түлік дипломатиясы орталығын құру туралы бастама көтерді. Болжам бойынша, бұл құрылым азық-түлік алмасуды кеңейту жөніндегі шешімдерді үйлестірумен, сондай-ақ азық-түлік тұрақтылығы мен қолжетімділігі принциптерін институционализациялайтын «Азық-түлік нарықтарындағы мінез-құлықтың жаһандық хартиясын» әзірлеумен айналысады.

2025 жылғы Бірлескен декларация БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы шеңберінде «БРИКС-тің жерді қалпына келтіру жөніндегі серіктестігін» іске қосуды қарастырады. Басым бағыттар ретінде тозған жайылымдар мен мангр ормандарын қалпына келтіру, топырақтың тұздануына қарсы іс-қимыл және көміртекті егіншілік әдістерін енгізу белгіленген.

БРИКС елдерінің аграрлық секторының негізін құрайтын — әлемдегі 550 млн фермерлік шаруашылықтың шамамен жартысына жуығы — отбасылық фермерлік шаруашылықтарды қолдауға ерекше назар аударылады. Технологиялық даму тек индустриялық алпауыттарға ғана емес, сонымен қатар шағын өндірушілерге де қызмет етуі тиіс. Осыған байланысты, декларацияда мамандандырылған техника өндірісі мен «жасыл» технологияларға қолжетімділікті қоса алғанда, инновацияларды шағын шаруашылықтарға бейімдеудің маңыздылығы атап көрсетілген. Азық-түлік тұрақсыздығы алдында неғұрлым қорғансыз саналатын ауылдық аймақтардағы әйелдер қолдау және қаржыландыру бағдарламаларының негізгі нысаналы тобы ретінде айқындалды. БРИКС-тің ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеу бағдарламасы ғылыми негізделген тұрақты даму, білім алмасу, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік пен тәуекелдерді басқару саласындағы бірлескен жобалар үшін платформа құруды мақсат етеді. Бұл шаралар аштық пен теңсіздік мәселелерін шешуге септігін тигізуі тиіс.

Өзара сауда БРИКС елдері ынтымақтастығының жүйелік бағыттарының бірі болып табылады. Қатысушы мемлекеттер қажетсіз кедергілерді қысқарту, өнімнің ашықтығы мен қадағалануын арттыру мақсатында цифрлық сертификаттауды енгізу, сондай-ақ азық-түлік импортына қаржыландыру талаптарын жеңілдету жөнінде келісті.

Экспорттық әлеуетті іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі – халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Ресей Федерациясы «Солтүстік – Оңтүстік» және «Еуразиялық агроэкспресс» жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар логистиканы жетілдіруге, транзакциялық шығындарды азайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін серіктес елдердің басым нарықтарына жеткізу уақытын қысқартуға бағытталған. Сонымен қатар топырақты қорғау егіншілігі, ирригация және мелиорация салаларындағы инвестициялық жобаларды құрылымдық қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру мәселесі қарастырылуда. Бұл бағытта БРИКС-тің Жаңа даму банкі негізгі платформаға айналуы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, БРИКС-тің пікір алмасу алаңынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі архитектурасының маңызды құрамдас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтуге болады. Әлемдік ауыл шаруашылығы жерлері мен су ресурстарының үштен бірінен астамы осы бірлестік елдерінің үлесінде. Сонымен қатар негізгі азық-түлік өнімдерінің едәуір бөлігін өндіреді. Мұндай әлеует БРИКС-ке тұрақты, теңгерімді әрі болжамды азық-түлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Интеграциялық процестерді тереңдету, ортақ инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру және жиынтық ғылыми-технологиялық әлеуетті тиімді пайдалану БРИКС-ке мүше мемлекеттердің азық-түлік егемендігін нығайтып қана қоймай, жаһандық «аштықты жою» мақсатына жетуге де шешуші үлес қосады. Бірлестік елдері қалыптастырып жатқан жаңа азық-түлік парадигмасы өзара толықтыру, болжамдылық және ресурстарға тең қолжетімділік принциптеріне негізделген.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан мен Ресей – Еуразияның аграрлық көшбасшылары

Еуразиялық интеграцияға кіретін бес елдің екеуі ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша алғашқы ондыққа енген. Бұл, әрине, назар аударарлық көрсеткіш. Қазақстан үшін де бұны белгілі бір деңгейде мақтан етуге болады. Алайда бұл жерлердің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанына қатысты нақты рейтингтер жоқ.

Қазақстан-2026: Жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту

2026 жыл Қазақстан үшін ауқымды саяси жаңғыру жылы болмақ. Конституциялық заңдарды қабылдаудан бастап, жаңа заң шығарушы органды іске қосуға дейінгі реформалардың өзіндік «жол картасы» дайын. Өзгерістердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы белгісіздік деңгейін төмендетеді, бұл азаматтық қоғам үшін өте маңызды.

Грант иегерлерінің жартысынан астамы ғана жұмыспен өтеу міндетін орындауда

Қазақстанның салық төлеушілері сөреде шаң басып жататын диплом үшін біреулердің университетте 4-5 жыл (кейде одан да көп) тегін оқуын қаржыландырып отыр. Демек, кадр тапшылығын жоюға бағытталған гранттық қолдаудың түпкі мәні тек есеп үшін диплом дайындауға айналып кеткен бе?

Кабулдағы ауруханаға жасалған соққы салдарынан жүздеген адам қаза тапты – Ауғанстан билігі

Кабулда есірткіге тәуелділерге арналған оңалту орталығына жасалған соққы салдарынан 400 адам қаза тауып, 250 адам жарақат алды.