Иерусалим. 26 мамыр. ИНТЕРФАКС – Израиль әскері бір түн ішінде Ливанның оңтүстігі мен елдің шығысындағы Бекаа аңғарында орналасқан «Хезболла» қозғалысына қатысты 100-ден астам нысанға соққы жасады. Бұл туралы Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Telegram-арнасында хабарлады.
«Бекаа аңғарындағы бірқатар соққы барысында террористік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде “Хезболла” қару-жарақ қоймасы жойылды», – делінген хабарламада.
Ливанның оңтүстігінде ЦАХАЛ қару сақтайтын орындарды, командалық орталықтарды, бақылау бекеттерін және «Хезболлаға» тиесілі өзге де инфрақұрылым нысандарын нысанаға алған.
Сонымен қатар сейсенбі күні ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі Эн-Набатия қаласының тұрғындарын «Хезболла» нысандарына алдағы уақытта соққы жасалатыны туралы ескертті. Халыққа Захрани өзенінің солтүстігіне көшу ұсынылды.
«“Хезболла” террористік ұйымының бітім шартын бұзуына байланысты ЦАХАЛ күш қолдануға мәжбүр. Біз сіздерге зиян келтіруді мақсат етпейміз», – деп The Times of Israel басылымы ЦАХАЛ өкілі Авихай Адраидың сөзін келтірді.
Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболлаға» қарсы соққылар күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Ал қозғалыс жасақтары өз кезегінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып шабуылдарды үдеткен.




