Евразия24Редакция бағаныРесей Президентінің мемлекеттік сапары, ЕАЭО саммиті және Астана экономикалық форумы: қорытынды шолу

Ресей Президентінің мемлекеттік сапары, ЕАЭО саммиті және Астана экономикалық форумы: қорытынды шолу

|

|

Сонымен, жоспарланған іс-шаралардың барлығы ең жоғары деңгейде жүзеге асты. Мемлекет басшылары кездесу өткізіп қана қоймай, мүдделі тараптарға өзара ықпалдастықтың жоғары үлгісін паш етті. Тараптардың шынайы сенімі мен жылы қарым-қатынасын айқын аңғартқан дипломатиялық хаттама талаптары толық сақталды. Белгіленген шаралар атқарылып, дайындалған құжаттарға қол қойылды, сондай-ақ көзделген мақсаттарға толығымен қол жеткізілді.

Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерді қайталамау мақсатында ресми ақпарат көздеріне сілтеме жасауды жөн көрдік, өйткені онда барлық мәселе егжей-тегжейлі баяндалған.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы келіссөздер туралы ақпаратты сілтеме арқылы өтіп көруге болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзімен мына сілтеме арқылы танысуға болады. Ал Мемлекет басшысының «ЕАЭС жаһандық цифрлық жарыста: жасанды интеллектке бәс тігу» атты V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында жасаған баяндамасы мына жерде жарияланған.

Ресей Федерациясы Президентінің Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінің мәтінін осы сілтеме арқылы өтіп көруге болады.

Бізді, өзге бұқаралық ақпарат құралдары көп жағдайда назардан тыс қалдыратын, ЕАЭО аясындағы интеграциялық үдерістердің ішкі мән-мағынасы мен астарлы серпіні көбірек қызықтырады. Бұл тұрғыда, ең алдымен, стратегиялық маңызы зор ресми құжатқа — Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті В. В. Путиннің Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемесіне тоқталу қажет.

Құжаттағы бірінші негізге назар аударсақ та жеткілікті: «Тарихтың ортақтығы және оны достық пен тату көршілік рухында объективті пайымдауға деген жауапты көзқарас».

Мұндай мәнмәтіндегі тарихқа тағзым — тек өткенді еске алу емес, бүгінгі шынайылықты мойындау және ең бастысы, ортақ Еуразиялық Болашаққа жасалған нық қадам екені айдан анық.

Айтпақшы, осы тұста әлі жарық көрмеген жеті томдық «Қазақстан тарихының» кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарына арналған алтыншы және жетінші томдарын жоғарыда айтылған негізгі қағида тұрғысынан сүзгілейтін уақыт жетті. Өкінішке қарай, бұл басылымдарды дайындап жатқан авторлар құрамы көпшілікке беймәлім, бұл өз кезегінде алаңдаушылық тудырмай қоймайды. Егер бұл жай ғана академиялық еңбек болса, ештеңе демес еді: ғалымдар ғалымдар үшін жазады, академиктер өзара пікір алмасады, қарапайым жұрттың оған бас ауыртуының қажеті шамалы. Бірақ бұл жерде мәселе мүлдем басқада: тарих ғылымындағы академиялық еңбектер тікелей мектеп бағдарламасына, яғни бұқаралық білім беру жүйесіне көшеді. Ал бұл — саясатқа тікелей араласу деген сөз. Тарих оқулықтарын тек балалар ғана емес, олардың ата-аналары да парақтайды. Осылайша, тұтас бір ұлттың тек өткенге деген көзқарасы ғана емес, бүгінгі күн туралы дүниетанымы мен өзін-өзі сезінуі қалыптасады. Тереңірек үңілсек, Украина трагедиясы да кезінде дәл осындай мектеп оқулықтарынан басталған болатын.

Сондықтан тағы да ескерткіміз келеді: баршаға мәлім Мемлекеттік кеңесшінің жетекшілігімен жұмыс істеп жатқан, бірақ құрамы жұртшылықтан әлі де жасырын ғалымдар тобына асықпаған жөн. Одан да қазақстандық академиялық еңбектің ресейлік басылымдармен қайшы келмейтініне, ал мектеп оқулықтарының бірін-бірі жоққа шығармай, керісінше толықтыратынына тағы бір мәрте көз жеткізіп алғандары абзал.

Халықаралық деңгейде де үлкен резонанс тудырған екінші ресми құжат — ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі. Мұның да астары тереңде жатыр және болашаққа бағытталған саяси салмағы зор. Бұл құжатта олар Армениядан Еуроодаққа интеграциялану мен ЕАЭО-дағы мүшелігін сақтап қалу таңдауы бойынша референдум өткізуді талап етті.

Расында да, жақында ғана Бейжіңде өткен саммитте Президент Путин мен Төраға Си де көпполярлы әлемге көшу үдерісін ашық жариялады. Қазақстан Президенті де бұл мәселені талай мәрте көтерген болатын. Қысқасы, нақты таңдау жасайтын уақыт жетті.

БАҚ өкілдері байқағанымен, мән-мағынасын аша алмаған тағы бір астарлы мәселе бар. Бұл ретте Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов «Еуразиялық энергетикалық интеграция. Қозғалыс векторы» атты панельдік сессияда негізгі баяндамасын жасай отырып, жұмбақ мәлімдеме жасады. Журналистер бұл сөзді іліп әкетіп, ерекше атап өткенімен, одан әрі тереңдеген жоқ. Ендігі кезекте біз бұл мәлімдемеге толыққанды талдау жасауымыз керек, өйткені бұл да — Еуразиялық интеграцияның бүгіні мен болашағына тікелей қатысты ең өзекті, астарлы серпіннің бірі.

Десек те, бұл жерде де өзгелердің айтқанын қайталап жатпай, бірден ресми ақпарат көзіне жүгінгеніміз жөн. Жұртты елең еткізген үзінді мынадай: «Газ, мұнай және электр энергиясының еркін айналымы үшін ортақ кеңістік құру ісі ұлттық мүдделерді қорғауға негізделуі тиіс. Қазақстан үшін ішкі нарықты энергия тасымалдаушылармен тұрақты түрде қамтамасыз ету және аймақтарымызда тапшылыққа жол бермеу — басты басымдық болып табылады».

Ал енді ән-жайды тарқатып айтайық. Егер барлық шектеуді алып тастап, Қазақстан мен Ресейдің жанар-жағармай нарығын шынымен ортақ қылсақ не болмақ? Нарықтың қарапайым заңдылығы іске қосылып, біздегі бағаның әлдеқайда арзандығынан, өзімізге де тартыс болып отырған жанармай Ресейге қарай ағылады. Ал бұл арзаншылық біздегі мұнай өңдеу ісінің аса тиімділігінен бе?

Жоқ, бұл істің тиімділігі дәл осы Ресейде әлдеқайда жоғары. Ондағы барлық мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) «ұңғымадан жанармай құю станциясына дейінгі» тізбекті қамтитын, тігінен интеграцияланған компаниялардың (ТІК) құрамына кіреді. Ресейлік зауыттар шикізатты өзіндік құнымен алады, ал мұндай интеграцияның өзі шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті еселей түседі. Оның үстіне, бұл алпауыт компаниялардың барлығы өз зауыттарын жаңғыртудан баяғыда-ақ өткізіп қойған.

Ал бізде, Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында құпия келісімшарттар мен өнімді бөлісу туралы келісімдер (ӨБК) негізінде жұмыс істеп жатқан шетелдік концессионерлер ішкі нарықтағы мұнай өңдеу ісіне бас ауыртып жатқан жоқ. Олардың отандық МӨЗ-дерді шикізатпен қамтамасыз етуге ешқандай міндеттемесі де жоқ. Үкімет зауыттарға мұнай жеткізу квоталарын қуаттылығы төмен, ұсақ компаниялар арасында «қолмен басқару» режимінде бөлуге мәжбүр. Ал бұл жеткізушілер үшін бағаның тиімсіздігіне, тіпті шығынға батуына әкеп соғады. Қысқасы, мұндай сұлбаны ешқандай өлшеммен тиімді деп атауға келмейді.

Олай болса, біздегі жанармай неліктен арзан?

Жауабы өте қарапайым: Ресейде жанармай құю станциясындағы бағаның 65, тіпті 70 пайызы тікелей бюджетке кетсе, бізде жанармай құнындағы салықтың үлесі небәрі 20-25 пайызды ғана құрайды. Осыдан келіп мынадай қызық жағдай туындайды: Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кедендік тексеріс атымен жоқ. Алайда, оның орнына өз бетінше квоталар мен шектеулер енгізетін ұлттық ведомстволар, сондай-ақ әртүрлі техникалық және санитарлық инспекциялар жұмыс істеп тұр. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия бұл кедергілерді еңсеруге тырысуда. Осылайша, бәрі шеңбер бойымен қайталана береді.

Ортақ экономикалық кеңістікте бірыңғай салық және тариф саясаты қалыптаспаған. Тіпті жұмыс күші, тауар мен капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін әлі де талай дүниенің басы ашық қалған. Ең бастысы, бұл кеңістікте ортақ валюта болмаса да, ең құрығанда үйлестірілген бірыңғай валюта саясаты да жоқ. Қысқасы, өзіңіз көріп отырғандай, Еуразиялық экономикалық одақтың «асуы әлі алда», атқарылар іс шаш етек!

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Алтын – соңғы онжылдықтағы ең тиімді актив

Нақты алтын банк жүйесінің тұрақтылығына, мемлекеттік қарыз көлеміне немесе реттеуші органның іс-әрекеттеріне тәуелді емес. Геосаяси құбылмалылық кезеңінде бағалы металдың дәл осы қасиеті оны консервативті инвестициялар санатынан шығарып, инвесторлар қызығушылығының алдыңғы шебіне шығарды. Он жыл ішінде алтын ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ең тиімді актив ретінде танылды. Жаһандық ауқымдағы жағымсыз жаңалықтар алтын нарығына оң әсер ететіндіктен, аталған бағалы металдың позициясы одан әрі нығая түсуде. Әлемдік қаржы жүйесінің осал белгілері анық байқалмаған кезеңде инвесторлар жоғары технологиялық компаниялардың акцияларына, АҚШ-тың мемлекеттік қарыз облигацияларына және жоғары кірісті құралдарға басымдық берді.

«Айыптау мәдениеті» белең алған тұста

«Қазақстан ата-аналар одағы» тағы да белсенділік таныта бастады. Бұл қоғамдық бірлестіктің белсенділері жұртты таңғалдырудан жалыққан емес. Кезінде ең даулы әрі резонансты мәлімдемелер дәл осы ұйымның ішінен шыққан болатын.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтуде

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ел азаматтарына үндеу жолдады.

ПСЖ жеңісінен кейін Францияда 780 адам ұсталды

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес Чемпиондар лигасының финалында Пари Сен-Жермен жеңіске жеткеннен кейін басталған тәртіпсіздіктердің жалпы жағдайы бақылауда екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ел бойынша 780 құқық бұзушы ұсталған.