АҚШ пен Израильдің Иранға және «Хезболлаға» қарсы соғысы салдарынан әлемдік экономика мұнай дағдарысы жағдайында қалып отыр. Дегенмен нарық 19 маусымда Вашингтон мен Тегеран бейбіт мәмілеге келеді, ал Тель-Авив оған бөгет жасамайды деп есептейді. Себебі бұл оптимистік көзқарастан бас тарту — нарықты тығырыққа тіреумен тең. Өйткені отынның жетіспеушілігі мен оның мүлдем жоқ болуы — салыстыруға келмейтін, екі бөлек жағдай.
АҚШ пен Израильдің агрессиясына жауап ретінде Тегеранның Ормуз бұғазын жауып тастауы әлем тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайға айналды. Халықаралық қауымдастық алғашында бұл қадамнан абдырап қалғанымен, кейіннен тығырықтан шығу жолдарын іздестіре бастады.
Осыған байланысты, 2026 жылы 11 наурызда Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) стратегиялық қордан 400 миллион баррель мұнай шығару туралы шешім қабылдады. Сол сәтте күнделікті тұтыну көлемі 103-104 миллион баррельді құрайтын жаһандық нарықтан бірден 13-14 миллион баррель мұнай тапшылығы туындаған еді.
ХЭА құрамына Австралия, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Мажарстан, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Словакия, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және жеке құрылым ретінде Еуропалық Одақ кіреді.
Парсы шығанағы бұғатталғанға дейін шығып үлгерген ең соңғы танкер шамамен 3 сәуірде айлаққа келіп тоқтап, жүгін түсіре бастады. Пентагонның Ормуз бұғазындағы қоршауды бұзып өту әрекеттерінен еш нәтиже шықпады (Иранның Ислам революциясы күзеті корпусы кемеге қарсы зымырандарды қолдану арқылы ұшақ тасымалдағыш әскери-теңіз тобын кері шегіндірді). Осыдан кейін американдықтар Иран мұнайына қарсы сыртқы блокада шеңберін құруға көшті.
Мамыр айында өтелмейтін мұнай тапшылығы тәулігіне 11 млн баррельді құрады. Бұл, бір жағынан, Сауд Арабиясының Парсы шығанағынан Қызыл теңіздегі Янбу портына дейін тартылған мұнай құбырының өткізу қуатын ұлғайтуымен байланысты болса, екінші жағынан, Біріккен Араб Әмірліктері мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтетін құбыр арқылы Фуджейра портына тасымалдауды күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтағы жеткізілім тәуекелдерінің бір бөлігі өтелді.
5 маусымдағы жағдай бойынша АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры жыл басындағы 413 млн баррельден 349 млн баррельге дейін қысқарды. Негізінде, АҚШ билігі нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін стратегиялық резервтерді пайдаланып отыр. Ақ үй әкімшілігі мұндай қадамға баруға мәжбүр. Себебі АҚШ-та жанар-жағармай бағасы биржалық саудадағы мұнай котировкаларына тікелей тәуелді. Сондықтан трейдерлер нарығындағы баға өскен кезде, оның әсері бензин мен дизель отынының бөлшек сауда бағаларында бірден көрініс табады.
Қытай мұнай импортын қысқартқанымен, стратегиялық қорлардағы ресурстарды пайдалануға әлі кіріскен жоқ. Ормуз бұғазына қатысты тәуекелдер күшейгеннен кейін Бейжің көмірсутек қорларын толықтыру көлемін уақытша тоқтатты. Осының өзі нарықтағы сұраныс көлемін қайта теңгеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қытай әлемдік мұнай нарығына түсетін қысымды төмендетті, алайда ішкі тұтыну көлемін қысқартқан жоқ және стратегиялық қорларды пайдалануға жүгінбеді.
Жапония мен Оңтүстік Корея көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларындағы өндіріс көлемін едәуір арттырды. Осындай қадамға Қытай да барғаны байқалады. Бұл белгілі бір деңгейде сұйытылған табиғи газ тапшылығының әсерін жұмсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Токио Ресейдің Сахалин жобаларынан мұнай импортын қайта жандандырды.
Еуропада жанармай бағасы күрт қымбаттады. Брент маркалы мұнай фьючерстерінің (мұнай құнына байланыстырылған бағалы қағаз) бағасы барреліне 100 доллар деңгейінде белгіленгенімен, Солтүстік теңізден нақты шикізат жеткізу туралы келісімшарттар 140–150 доллар көлемінде жасалды.
Германияда жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, жеңіл автокөлік иелерінің басым бөлігі шығынның жоғары болуына байланысты мүмкіндігінше көлік жүргізуден бас тартуда. Бұл ретте жүргізушілердің жасы неғұрлым кіші болған сайын, жеке көліктен бас тартқандардың үлесі соғұрлым жоғары болып отыр.
Маусым айында АҚШ көмірсутек шикізатын экспорттау көлемі бойынша Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озып, әлемдегі жетекші экспорттаушылардың біріне айналды.
Қазіргі уақытта әлемдік мұнай нарығы қорлардың операциялық қысымы жағдайында жұмыс істеуде. Мұнай қоймаларындағы қорлар толық сарқылмай тұрып-ақ, «операциялық минимум» деңгейіне жету қаупі туындайды. Яғни нарықта қажетті көлемдегі мұнай маркалары мен сұрыптарының тапшылығы байқалып, тұтыну деңгейін ұстап тұру қиындай түседі. Сонымен қатар нақты мұнай жеткізілімдері үшін бәсекелестік күшейеді.
Дегенмен жаһандық көмірсутек нарығы үшін жағдайдың кері шегінбейтін, аса ауыр кезеңі әлі бастала қойған жоқ. Бірақ 19 маусымдағы келісім тағы да сәтсіз аяқталып, тәулігіне 9–10 миллион баррельді құрайтын орны толмас тапшылық тағы 80–90 күнге созылса, мәселе отынның жетіспеушілігінен оның мүлдем таусылу деңгейіне ауысады.
Бұл ретте негізгі қауіп аймағында Азия мемлекеттері — Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Вьетнам, Индонезия, Пәкістан және Филиппин тұр, алайда бұл дағдарыстың зардабы Еуропаға да оңай тимейді.




