Астана. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Қаржы министрлігі 2027–2029 жылдары бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сыртқы қарыз тарту мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл туралы Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты.
Интерфакс-Қазақстан тілшісі бюджет тапшылығын жабуға сыртқы қарыз тарту жоспарда бар-жоғын сұрады.
«Қазір сырттан барынша тиімді шарттармен қарыз тартудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Дегенмен министрлік алдымен ішкі нарықтан қаржы тартуға басымдық бермек.
«Қазіргі таңда қарыздың 77%-ы ішкі нарықтан, қалған 23%-ы сырттан тартылған», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, сыртқы қаржы көздерін таңдағанда қарыз құны мен оны өтеу мерзімі ескеріледі.
«Қарызды қандай шарттармен алуға болатынын, оның құны мен өтеу кестесін қараймыз. Қаржы министрлігі бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп келеді», – деді ол.
Бұған дейін Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева қолайсыз сценарийлер жүзеге асқан жағдайда 2027 жылы республикалық бюджет тапшылығы жоспарланған 4,6 трлн теңгеден 5,6–6,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін екенін айтқан.
Үкімет 2027 жылға арналған бюджетте тапшылықты ЖІӨ-нің 2,3%-ы көлемінде белгіледі. 2029 жылға қарай оны ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін төмендету көзделген.
17 қыркүйектегі ресми бағам бойынша бір АҚШ доллары – 444,88 теңге.




