Астана. 25 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күні өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Сенаттың бейінді комитетінің мәліметінше, заңның мақсаты – мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі халықтың рөлін күшейту.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту аясында мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіледі. Атап айтқанда, олар әкімдердің халықпен кездесулері барысында көтерілген проблемаларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарларының орындалу қорытындыларын қарайды, бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысады, елді мекендерді санитарлық тазалау қағидаларын бекітеді және тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне тәртіптік ықпал ету шараларын қолдана алады.
Сонымен қатар мәслихат төрағасы мен мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері нақты ажыратылып, мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап беру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылады.
Заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджеттеріне қосымша кіріс көздері беріледі. Олардың қатарында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығынан түсетін түсімдер, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына арналған лицензиялық алымдар және кейбір экологиялық айыппұлдар бар.
Құжатта өнеркәсіптік нысандар салуға бағытталған инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін беру, келісу рәсімдерін электрондық форматта жетілдіру, қоғамдық талқылаулар өткізу, сондай-ақ жайылымдық жерлерге түсетін жүктеменің ең төменгі шегін белгіленген рұқсат етілген норманың 50 пайызынан 30 пайызына дейін төмендету көзделген.
Құрылыс кодексіне енгізілген түзетулер аясында құрылыс жобаларын келісу және бастапқы материалдарды беру рәсімдері мемлекеттік сараптама ұйымының порталы арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар құрылыс жобаларын сараптау тәртібі жетілдіріліп, саланы цифрландыру жалғасады.
Заң азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау тетіктерін де жетілдіреді. Оның ішінде апатты деп танылған жалғыз баспанасы бар азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу және кондоминиум объектілерін басқару мәселелері қамтылған.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға коммуналдық меншіктегі және оңалту рәсімінен өтіп жатқан энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялау құзыреті беріледі.
Денсаулық сақтау саласында қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану, сондай-ақ суррогат ана болуға қатысты нормалар нақтыланған.
Бұдан бөлек, сот-сараптама қызметі субъектілеріне қойылатын жекелеген талаптар мен сарапшылардың азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысу тәртібін реттейтін процессуалдық нормалар жетілдірілді.
Құжатқа сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, сондай-ақ орта білім беруге қатысты кейбір шығыстарды қаржыландыру облыстық деңгейден аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар деңгейіне беріледі.
Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.




