Экономист Анель Дәулетғалиева өзінің авторлық арнасында былай деп жазады: «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті сақтандырудың тағы бес түрін енгізуді ұсынды. Қазір Қазақстанда міндетті сақтандырудың сегіз түрі және заң талаптарына байланысты қолданылатын сақтандырудың он түрі бар. Алдағы реформа аясында бұл қатарды тағы бес міндетті сақтандыру түрімен толықтыру көзделіп отыр. Соның бірі – табиғи апаттардан сақтандыру. Ол жер сілкінісі, су тасқыны, көшкін және орман өрті салдарынан келетін шығынды қамтиды. (…) Табиғи апаттардан сақтандыру қазір әзірленіп жатқан заң жобасына енгізілген. Ал қалған сақтандыру түрлері әзірге ұсыныс ретінде ғана қарастырылып отыр. Агенттік ұсынған жаңа бағыттардың қатарында шетел азаматтарын Қазақстанда болған уақытында міндетті туристік сақтандыру; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егінін, малын немесе шаруашылық нысандарын сақтандыру; жылжымайтын мүлікті өрттен, жарылыстан және өрт сөндіру кезінде келген тікелей залалдан сақтандыру бар. Сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерінің қызмет барысында өзге адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірген зияны үшін жауапкершілігін сақтандыру ұсынылып отыр».
Еуразия24 пікірі:
Агенттік басшылығы бұл ұсыныстарға қатысты түсініктеме де берді. «Жарна жинау және зардап шеккендерге өтемақы төлеу үшін «КСЖ» АҚ-ның еншілес ұйымы негізінде тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру қорын құру ұсынылады. Сонымен қатар орта мерзімді кезеңде Қазақстанға келетін шетелдік туристерді медициналық сақтандыру мәселесін қарастыру жоспарланып отыр. Сақтандырудың ең төменгі пакеті шұғыл медициналық көмек көрсету, науқасты тасымалдау және еліне қайтару шығындарын қамтуы мүмкін. Екінші кезеңде ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру, кәсіпкерлік қызметтің әртүрлі бағыттарын сақтандыру аясын кеңейту және мүлікті өрттен сақтандыру мәселелері қаралады», – деді агенттік төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов.
Апат салдарынан келетін шығынды міндетті сақтандыру өзге елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Қазақстанда бұл бағыттың кенже қалуына, біздіңше, мәселенің күрделілігі себеп болуы мүмкін. Өйткені мұнда азаматтар мен бизнес төлейтін кезекті сақтандыру жарнасын енгізумен ғана шектелу мүмкін емес. Тәуекелді дұрыс есептеу, қайта сақтандыру тетіктерін қалыптастыру, жеткілікті қаржы қорын жинақтау және өтемақы төлеудің нақты тәртібін белгілеу қажет.
Ұсыныстардың ішінде ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру мәселесі ерекше назар аудартады. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұған дейін болған. 2004–2020 жылдары өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру қолданылды, алайда тиімділігі төмен болғандықтан кейін одан бас тартылды. Енді мемлекет бұл мәселеге қайта оралып отыр. Демек, бұрынғы жүйенің кемшіліктері ескеріліп, фермерлерді түрлі тәуекелден нақты қорғайтын тиімді сақтандыру тетігі әзірленеді деген үміт бар.




