Брюссель. 2 шілде. ИНТЕРФАКС – Еуропалық халық партиясы (ЕХП), Еуропарламенттегі ең ірі оңшыл-центристік фракцияға ие саяси күш, ислам және босқындарға баспана беру мәселелеріне қатысты қарарлар қабылдады. Бұл туралы бейсенбі күні EUobserver басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, осы аптада Венада өткен ЕХП саяси ассамблеясында қабылданған исламға қатысты қарарда: «Еуропадағы демократиялық үдерістерге саяси-діни араласуды сырттан жасалатын заңсыз ықпал ретінде мойындаймыз», – делінген.
Құжатта исламның саяси мақсаттарда пайдаланылып, Еуропа елдеріне ену арқылы демократиялық институттарды әлсірету құралына айналып отырғаны айтылған. Осыған байланысты ЕХП билік органдарын исламшыл ұйымдардың желісін анықтауға, азаматтық қоғам ұйымдарын қаржыландыруды қысқартуға және осы бағыттағы барлау қызметін күшейтуге шақырды.
Көші-қон мәселесіне арналған қарарда қосымша қорғау мәртебесін алып тастау ұсынылған. Құжат авторларының пікірінше, бұл босқындарды өз елдеріндегі азаматтық қақтығыстар аяқталғаннан кейін тезірек қайтаруға мүмкіндік береді.
EUobserver түсіндіруінше, қосымша қорғау мәртебесі Еуропалық одақтың баспана беру талаптарына сәйкес босқын мәртебесін ала алмайтын, бірақ өз еліне қайтарылған жағдайда өміріне немесе қауіпсіздігіне елеулі қатер төнуі мүмкін адамдарға беріледі. Мальтада орналасқан Еуропалық одақтың Баспана мәселелері жөніндегі агенттігінің (EUAA) мәліметінше, мұндай қатерлердің қатарына өлім жазасы, азаптау, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза жатады.
Өз кезегінде Нәсілшілдікке қарсы еуропалық желі (European Network Against Racism, ENAR) аталған қарарға байланысты мәлімдеме жариялады. Ұйымның пікірінше, исламға қатысты құжатта мұсылмандарды Еуропа институттарына ықтимал қауіп ретінде көрсететін нәсілшіл сипаттағы тұспалдар қайталанып, оларға қатысты бақылауды күшейтуге, шеттетуге, күдікпен қарауға, сондай-ақ нәсілшілдік пен зорлық-зомбылықты ақтауға негіз қаланады.
«Қарарда еркіндік пен қауымдастықтарды қорғау ұғымдары қолданылғанымен, іс жүзінде олардың мәніне қайшы келетін саясат ақталып отыр», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
ENAR – Еуропалық одақ елдері мен өзге де еуропалық мемлекеттердегі 140-тан астам қоғамдық ұйым мен құқық қорғау бірлестігін біріктіретін жалпыеуропалық үкіметтік емес ұйымдар желісі.




