Вашингтон. 10 қазан. ИНТЕРФАКС – АҚШ Әскери-теңіз күштері ядролық қару алып жүре алатын B-52 Stratofortress стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының қару-жарақ жүйесіне жаңа AGM-158C (LRASM) алыс қашықтықтағы кемеге қарсы зымырандарын енгізу үшін Lockheed Martin компаниясымен келісімшарт жасасуға дайындалып жатыр. Бұл туралы ведомство мәліметінде айтылған.
«Бұл жобаны жүзеге асыру америкалық бомбалаушы авиацияның алыс қашықтықтағы теңіз нысандарына соққы беру мүмкіндігін кеңейтеді. Мұндай мүмкіндік қарсы тараптың, әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери-теңіз күштерінің әлеуеті артып отырған жағдайда қажет», – делінген АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ресми құжаттарында.
Жоба заманауи кешенді әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қорғалған нысандарға жаңа буындағы радарда байқалуы қиын қанатты зымырандарды қолдануға мүмкіндік беруге бағытталған. Оның аясында инженерлік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп, бағдарламалық қамтамасыз ету жаңартылады және жаңа қару B-52 жүйесіне бейімделеді.
Қарсы тараптың әскери кемелерінен едәуір қашықтықта әрекет ететін мұндай бомбалаушы теңіздегі нысандарға бір мезетте бірнеше зымыран ұшыра алады. Бұл қарсы тараптың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысын және зымырандарды ұстап қалуды қиындатады. Сонымен қатар ұшақтың жүк көтеру мүмкіндігі үйлестірілген соққы кезінде көп мөлшерде зымыран ұшыруға жағдай жасайды.
Зымыранның нақты ұшу қашықтығы жарияланбаған. Болжам бойынша, ол шамамен 700 шақырымға жетеді. B-52 бомбалаушы ұшағының қанша LRASM зымыранын алып жүре алатыны да нақтыланбаған.
AGM-158C LRASM зымырандарының B-52 қару-жарақ жүйесіне енгізілуі АҚШ Әскери-әуе күштеріндегі B-1B Lancer және B-2 Spirit ұшақтарын қоса алғанда, стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың үш түрі де осы зымырандарды қолдана алады деген сөз. Кейін мұндай мүмкіндік жаңа B-21 бомбалаушы ұшағына да беріледі.




