Вашингтон. 10 шілде. ИНТЕРФАКС – Израиль билігі Вашингтоннан тиісті өтініш түскен жағдайда АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операцияларына қолдау көрсетуге әзір. Бұл туралы New York Post басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
«Біз АҚШ-пен иық тіресе әрекет ететінімізді дәлелдедік. АҚШ Израильдің өз операцияларына қосылғанын қалай ма, жоқ па – оны нақты білмеймін. Бірақ біз қажет болған жағдайда күшімізді тағы да көрсетуге дайынбыз», – деп келтіреді басылым израильдік дереккөздің сөзін.
Сонымен қатар оның айтуынша, Израиль Иранның өз аумағына қайтадан соққы жасауына себеп болатын жағдайдың қайталануын қаламайды. Дегенмен бұған дейін басылымның басқа дереккөздері Израиль Ираннан туындайтын қауіп-қатерді елемеуге ниетті емес екенін және оны бейтараптандыру үшін «белгілі бір құн төлеуге дайын» екенін мәлімдеген.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемелері қатаң сипат ала бастаған тұста Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац қауіпсіздік мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді. Кездесудің мазмұны жарияланған жоқ.
Израильдік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Израиль қорғаныс армиясы жоғары дайындық режиміне көшкен. Сонымен қатар барлау қызметі ықтимал жаңа соққыларға арналған нысандар тізімін жаңартып, АҚШ-пен тығыз байланыс орнатқан.
Бұған дейін сәрсенбіге қараған түні және бейсенбіге қараған түні АҚШ Иран аумағына қайтадан соққы жасағаны хабарланған болатын. Бұған жауап ретінде Иран қарулы күштері Катар, Кувейт, Бахрейн және Иорданиядағы нысандарға шабуыл жасады.
Алайда бейсенбі күні Иран мен АҚШ арасындағы жағдай алдыңғы күндермен салыстырғанда біршама тұрақтанды. Axios порталының хабарлауынша, бұған негізінен арағайын елдердің дипломатиялық күш-жігері ықпал еткен. Сонымен қатар CNN телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ пен Иран дипломатиялық жолмен келісімге келуге ұмтылғанымен, қажет болған жағдайда Вашингтон әскери соққы жасауға дайын екенін хабарлады. Телеарна мәліметінше, АҚШ мұндай сценарийге әзірлігін сақтап отыр, алайда әзірге дипломатиялық үдеріске басымдық беруде.




