Астана. 23 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі басшысы Дженсен Хуангты қабылдады. Бұл туралы жұма күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы NVIDIA президентінің сапары екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдірді.
«Бұл сапардың NVIDIA компаниясымен ынтымақтастығымызға тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор. Серіктестігімізді нығайтуға қосқан үлесіңіз және Қазақстан үшін атқарып жатқан жұмысыңыз үшін Сізге жеке алғысымды білдіргім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы серіктестікті құптады. Оның айтуынша, Қазақстан Higgsfield компаниясының отандық технологиялық жобаның бір бөлігі екенін мақтан тұтады.
Өз кезегінде NVIDIA басшысы Қазақстанды жасанды интеллектіні дамыту мен оны барлық салаға кеңінен енгізуге басымдық беретін мемлекетке, яғни AI-ұлтқа айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа жоғары баға берді.
Дженсен Хуанг Қазақстанды физикалық жасанды интеллект (Physical AI) саласының әлемдік орталығына айналдыруды ұсынды.
«Жасанды интеллектіні дамыту үшін ең алдымен энергетикалық ресурстар, сондай-ақ ғылым, математика және технология салаларында білімі бар мамандар қажет. Қазақстанда осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға зор мүмкіндік бар», – деді Хуанг.
Ол NVIDIA мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың соңғы бір жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін атап өтіп, технологиялық компаниялармен байланыстың нығая түскеніне ерекше тоқталды.
«Соңғы бір жылда бірлескен жұмысымыз елеулі нәтиже берді. Біз Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» сияқты қазақстандық компаниялармен серіктестікті дамытып келеміз. Сонымен қатар әлемдік технология нарығында өз орнын қалыптастырған Қазақстанның алғашқы технологиялық «бірмүйізді» компаниясы – Higgsfield-ке қолдау көрсетіп отырмыз.
Бірлесіп атқарған жұмысымыз мені қатты таңғалдырды әрі оның нәтижесін мақтан тұтамын. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Еліңіздің бізбен ынтымақтасуды таңдағанына ризашылығымды білдіремін», – деді Дженсен Хуанг.




