Дубай. 9 шілде. ИНТЕРФАКС – Соңғы күндері АҚШ пен Иранның өзара соққыларына қарамастан, Ормуз бұғазы арқылы бірқатар кеме, оның ішінде энергетикалық ресурстарды тасымалдайтын танкерлер де өтті. Бұл туралы Kpler және LSEG компанияларының деректеріне сілтеме жасаған «Әл-Жазира» телеарнасы жұма күні хабарлады.
Атап айтқанда, бұғаз арқылы сұйытылған табиғи газды (СТГ) тасымалдауға арналған кемінде бес бос газ тасымалдаушы кеме өткен. Олардың бірі – GasLog Shanghai кемесін Грекияның GasLog кеме қатынасы компаниясы басқарады. Ал тағы төрт СТГ танкері – Al Samriya, Al Dafna, Al Gattara және Al Rayyan – Катардың мемлекеттік QatarEnergy компаниясымен байланысты.
Жапонияның көлік министрі Ясуки Канэконың айтуынша, Жапонияға қатысы бар 22 кеме, оның ішінде алты ірі мұнай танкері Ормуз бұғазы арқылы Парсы шығанағынан шығып үлгерген. Қазіргі уақытта Парсы шығанағында жапондық кеме иелеріне тиесілі тағы төрт кеме қалып отыр.
Бұған дейін CNN телеарнасы аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты осы аптада Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы күрт азайғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар соңғы күндері GPS навигациясы жұмысына кедергілер қайта байқалып, бұғаз маңындағы кемелер мен әуе кемелерінің орналасқан жері туралы мәліметтерде бұрмаланулар тіркелген.
Телеарна мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 110 кеме өткен.




