Евразия24Ушыққан мәселеМиллиардтық табысқа тосқауыл

Миллиардтық табысқа тосқауыл

|

|

Электр энергетикасы саласында қызық жағдай қалыптасты. Белгілі іскерлік басылымдардың бірінде «Қазақстан электр энергиясы нарығындағы миллиардтаған табыс көзін жапты» деген сенсациялық тақырыппен жарияланған материал оқырман назарына іліге салысымен, көп ұзамай сайттан ғайып болды. Ешқашан жарияланбағандай әсер қалдырды.

Әлдекімге жақпай қалған болуы мүмкін.

Қалай болғанда да, жарияланым жоғалып кеткенімен, оған негіз болған Энергетика министрлігінің бұйрығы өз күшінде қалып отыр. Сондықтан аталған құжатқа сүйене отырып, мәселені өзіміз талдап көрелік .

Әңгіме Энергетика министрлігінің 2015 жылы бекітілген «Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларына» енгізген соңғы өзгерістері мен толықтырулары туралы болып отыр.

Бір қызығы, бұл қағидалар 2023 жылы 1 шілдеден бастап Бірыңғай сатып алушы моделі енгізілгенге дейін қабылданған болатын. Сол кезеңде теңгерімдеуші электр энергиясы нарығы ресми түрде имитациялық режимде жұмыс істеді. Мұндай тәртіп тіпті «Электр энергетикасы туралы» заңда да көзделген еді. Яғни электр энергиясына сұраныс пен ұсынысты теңгеру тетігі болғанымен, сол операциялар бойынша нақты қаржылық есеп айырысу жүргізілмеген.

«Электр энергиясы тегін өндіріліп, тегін тұтынылғаны ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Әрине, олай емес. Оның үстіне, Энергетика министрлігі теңгерімдеуші нарықтың жұмыс істеу тәртібіне енгізген барлық өзгерістер мен толықтыруларды тізіп шығуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Өйткені бұл мәселенің түпкі мәнін ашуға септігін тигізбейді.

Ал мәселенің мәні мынада. Қазақстанның энергетикалық жүйесі, әлемдегі кез келген электр энергетикасы жүйесі сияқты, нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Өндіріс пен тұтыну арасындағы теңгерім әр сағат сайын ғана емес, әр минут, тіпті әр секунд сайын қамтамасыз етіледі. Жүйелік оператор тұтыну көлеміндегі өзгерістерге қарай электр станцияларының жүктемесін ұлғайту немесе азайту туралы жедел пәрмен беріп отырады. Бұл – физикалық теңгерімдеу үдерісі. Ол үздіксіз жүреді, өйткені онсыз бүкіл энергия жүйесінің тұрақты жұмысы мүмкін емес.

Осыған сәйкес, электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы қаржылық есеп айырысу әрдайым кейінгі кезеңде жүргізіледі. Басқаша айтқанда, қаржы тетіктері өндіріс пен тұтынудың нақты нәтижесіне сүйеніп жұмыс істейді.

Алайда электр энергетикасының инженерлік-технологиялық негізіне сүйенетін қаржы жүйесі уақыт өте келе қаржылық мүддені алдыңғы орынға шығарып, кейде оны жүзеге асырудың күрделі тетіктерін қалыптастыратыны байқалады.

Енді электрмен жабдықтау жүйесінің күрделі болғанымен, негізі қарапайым жұмыс тәртібіне қайта оралайық. Жүйелік оператор үшін электр станцияларының тәуліктік диспетчерлік кестесін алдын ала жоспарлаған тиімді. Кейін тәулік барысында тұтыну көлеміндегі ауытқуларға қарай сол жоспарға жедел түзетулер енгізіліп отырады. Технологиялық тұрғыдан бұл – үздіксіз әрі нақты уақыт режимінде жүзеге асатын біртұтас диспетчерлік басқару үдерісі. Ол кез келген қаржылық есеп айырысудан бұрын жүреді және олардың бәріне негіз болады.

Алайда қаржы тетіктері бұл технологиялық процестен де басымдыққа ие болғандай әсер қалдырады. Оның үстіне жүйелік оператор KEGOC компаниясының құрылымында ғана жұмыс істейді. Бірыңғай сатып алушы моделі енгізілгенге дейін теңгерімдеуші нарық іс жүзінде имитациялық режимде қалып, ал негізгі қаржылық есеп айырысулар көтерме электр энергиясы нарығы арқылы жүргізіліп келді. Ол кездегі жүйе осыған бейімделген болатын.

Еске салсақ, Бірыңғай сатып алушы моделін енгізу міндеті 2015 жылғы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген еді. Соған қарамастан бұл бастама ұзақ уақыт бойы түрлі себеппен кейінге шегерілді. (Мұны кім тежеді деген сұрақ туындайды: инженерлер ме, әлде қаржы тетіктеріне жауапты құрылымдар ма?)

Ақырында бұл модель іске қосылғанымен, бұрынғы жүйенің құрылымы толық өзгерген жоқ. Технологиялық тұрғыдан біртұтас диспетчерлік басқару сақталғанымен, қаржылық есеп айырысу бұрынғыдай бірнеше бөлек тетік арқылы жүргізіле берді. Жүйелік оператор бұрынғысынша KEGOC құрамында қалды, ал көтерме және теңгерімдеуші нарықтар заңды тұлғалары, есепшоттары және қаржы ағындары бөлек құрылымдар ретінде жұмысын жалғастырды. Тиісінше, олардың әрқайсысының өз мүддесі мен өз бенефициарлары да сақталып қалды.

Теңгерімдеуші нарықта мұндай рөл жасанды түрде енгізілген «провайдерлерге» жүктелген. Олар электр энергиясын өндірмейді де, сатып алмайды да. Тіпті энергия жүйесінің нақты жұмысына еш қатысы жоқ, өйткені жүйенің өзіне мұндай делдалдардың қажеті де жоқ. Соған қарамастан, бұл жеке провайдерлер табысы жоғары бір іспен айналысады – «теңгерімсіздіктерді» саудалайды. Соның нәтижесінде едәуір қаржылық пайда көреді. Сондай-ақ олар нақты диспетчерлік теңгерімдеуге қатысатын электр станциялары мен көтерме нарықтағы ірі тұтынушылардың да қаржылық қатынастарына араласып, осы тетік арқылы қосымша табыс табады деуге негіз бар.

Мұнда бір жайтты нақтылай кеткен жөн. Қаржылық пайда электр станцияларының немесе ірі тұтынушылардың өзіне емес, олардың иелеріне тиесілі. Ал бұл қаражат электр энергетикасы саласынан шығарылып, түптеп келгенде тарифтердің жалпы қымбаттауына ықпал етеді.

Ал Энергетика министрлігінің жаңа бұйрығы осы «провайдерлердің» қызметіне бақылауды күшейтуге бағытталған қадам деуге болады.

Алайда тарифтерге қатысты түйткіл әлі толық ушықпай тұрған кезде бұдан да түбегейлі шешім қажет сияқты. Ол үшін Жүйелік операторды, көтерме нарықты және теңгерімдеуші нарықты біртұтас құрылымға біріктіріп, арадағы «провайдерлер» институтынан бас тартқан жөн.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Шымкентте белгілі спортшы қайғылы жағдайда қаза тапты

Есту қабілеті төмен спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстанның бұрынғы чемпионы Әділ Тілектес керамикалық плитка шығаратын зауытта жұмыс істеп жүріп, электр тогына түсіп, қаза тапты. Әділ Тілектес 2021–2024 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті. Бұған дейін, 2019 жылы ересектер арасындағы командалық ел чемпионатында Қазақстан чемпионы атанған.

Нәтижелі еңбек еткен ғалымдардың жалақысы артады

Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын төлеу тәртібі өзгереді. 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жаңа ереже күшіне енеді. Енді ғалымдардың еңбекақысы лауазымдық жалақымен ғана шектелмей, кәсіби және ғылыми жетістіктеріне қарай есептеледі. Жаңа талаптар ғылыми ұйымдарда, жоғары оқу орындарында және ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын өзге де аккредиттелген мекемелерде жұмыс істейтін ғалымдарға қатысты.

АҚШ-пен арасы суыған Канада Еуроодаққа бет бұрды

Канада Премьер-министрі Марк Карнидің Еуропалық одақпен «бірегей одақ» құру ниеті туралы мәлімдемесі геосаяси тұрғыдан елеулі қадам деуге болады. Іс жүзінде Оттава Дональд Трамп жаңаша сипатта ұстанып отырған Монро доктринасына қайшы бағыт таңдағалы отыр. Вашингтон Канаданың мұндай әрекетін жауапсыз қалдырмауы мүмкін. Дегенмен Канаданың бұлай әрекет етуіне негіз бар. АҚШ өз мүддесі үшін одақтастарына қысым жасаудан тайынбайтынын талай рет көрсетті. Канада дәстүрлі түрде Жаңа дүниедегі Еуропаға ең жақын елдердің бірі саналады. АҚШ-пен салыстырғанда мінезі сабырлырақ, артық қылыққа да көп бара бермейтін «Еуропаның қызы» іспетті. Қалай болғанда да, Оттава мен Вашингтон ұзақ жыл бойы тіл табысып келді.

Ауыл мектептеріне жасанды интеллект енгізілмек

2028 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан ауылдарындағы 2,6 мыңнан астам шағын жинақты мектеп жасанды интеллектіні енгізу жобасымен қамтылады. Қазір пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептерінде іске асырылып жатыр.