Есту қабілеті төмен спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстанның бұрынғы чемпионы Әділ Тілектес керамикалық плитка шығаратын зауытта жұмыс істеп жүріп, электр тогына түсіп, қаза тапты.
Әділ Тілектес 2021–2024 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті. Бұған дейін, 2019 жылы ересектер арасындағы командалық ел чемпионатында Қазақстан чемпионы атанған.
Tengrisport Шымкент қаласының Полиция департаментінен оқиғаға қатысты мынадай мәлімет алған
(https://tengrisport.kz/tnsport/chempion-kazahstana-pogib-shyimkente-togo-lishilsya-mesta-608609/ ): «Қаладағы кәсіпорындардың бірінде жұмысшының қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала дерек бойынша, ер адам жұмыс кезінде электр тогына түсіп, көз жұмған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».
Сонымен қатар Сурдлимпиада комитетінің баспасөз қызметі Tengrisport-қа Әділ Тілектестің спортта жақсы нәтиже көрсеткенін және әлем чемпионатының жүлдесіне бір табан жақын болғанын растады.
28 жастағы Әділ Тілектес бала кезінен жарақат қаупі жоғары спортпен айналысып, талай додада ел намысын қорғады. Тағдырдың жазуы сол, ол спорт алаңында емес, қарапайым жұмыс орнында көз жұмды. Тергеу қайғылы оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтайды. Бұл жағдай өндірістегі жазатайым оқиғалардың қатарына қосылар. Ал ел кезінде әлем чемпионатының жүлдесіне таласып, биік белестерден көрінген тағы бір спортшысынан айырылды.




